$ 444.22  476.38  4.82

ОҚО-да жаңа үйленген жас жұбайлар 7 сағат бойы қар құрсауында қалып қойған

Оңтүстік Қазақстан облысында ұзатылған қыз мінген көлік қар құрсауында қалып қойды. Жас отау иелері ақ түтек боранда 7 сағат бойы қаңтарылып тұрған деп жазады Хабар-24.

Күйеу жігіт пен қалыңдық жолдастарымен бірге Шымкенттен шығып Ақтас ауылына бара жатқан. Қарға омбылап қалған жол талғамайтын көліктегі жастарды төтенше жағдай қызметкерлері құтқарып алған. Құтқару жасағының қызметкерлері арнайы техниканың көмегімен сол маңда тұрып қалған тағы бір көліктен 5 адамды алып шықты.Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жалпы Бәйдібек ауданындағы «Шыбықбел» асуында жағдай күрделі дейді. Өткені ұйытқып соққан жел техникалар тазалап кеткен жолды артынша жауып тастап жатыр екен.Тіпті қар құрсауында қалған ауылдағы 8 жастағы қызға шұғыл операция жасау үшін дәрігерді ауданнан әрең жеткізген.

Зарипа Тұрысбекова, ОҚО ТЖД бас маманы:

- Шаян елдімекенінен 20 шақырым ары Алмалы ауылдық округіне қарасты Қаратас ауылымен шекаралас жердегі 5 шақырым жер қазіргі таңда жабық. Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты. Қатты желден жол қайта қайта жабылып қалып жатыр. Арнайы көлік ашқанымен, жел қайта сол жолды қармен борап тастап жатыр. Сондықтан қазіргі таңда жедел құтқару жасағының қызметкерлері және де «Трекол» арнайы көлігімен тәулік бойы қызмет атқарып жатыр. Жағдай қалыстасқанша сол жерде болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары