Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Аралтөбе ауылында оқтан жараланып, ауруханаға түскен үш адамға қатысты мәлімет жарияланды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Айта кетсек, 5 қыркүйекте кешке шаруа қожасы мен ауыл тұрғыны арасында туған кикілжің дауға ұласып, арты атысқа ұласты.
48 жастағы азамат көлігінен аңшы мылтығын алып шығып, оқ жаудырған. Салдарынан 34 жастағы ер адамға және сол маңнан өтіп бара жатқан 59 жастағы әйел мен бір жастағы қызға бытыра тигені белгілі болды.
Almaty.tv мәліметінше, облыстық балалар ауруханасына түнде жеткізілген кішкентай қызға ота жасалған.
Сәби көп қан жоғалтпаған. Хирургиялық жолмен бытыра ұшқыны алынды. Әзірге дәрігер бақылауында болады, – деді облыстық балалар ауруханасының дәрігері Жайдар Сапарғали.
Жараланған екі адам аудандық ауруханаға жатқызылған.