$ 494.87  520.65  4.91

Сенат төрағасы сотталған Күдебаевтың түрмедегі суреті жайында: Заңды күшейтуге дайынбыз

Ол қылмыстық-атқару жүйесіндегі бұл деректер салада біраз проблема бар екенін көрсеткенін айтты.
Фото: senate.parlam.kz
Фото: senate.parlam.kz

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев сотталған Серік Күдебаевтың түрмедегі суретіне және Ақмола облысы түрмесіндегі азаптау оқиғасына қатысты пікір айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

3 қыркүйекте әлеуметтік желіде Атбасар ауданындағы №1 түзеу мекемесінің қызметкерлері сотталғандарға күш қолданғаны туралы видео тараған болатын.

Осы оқиға бойынша тиісті тергеу жүргізіліп, жауаптылардың барлығы заң аясында жазаға тартылады. Оған ешқандай күмән болмауы тиіс. Бұл мәселелерді ескере отырып, Қылмыстық кодексті тағы қарап шығамыз. Сондықтан қажет болған жағдайда, тиісті нормаларды пысықтауға дайынбыз. Жалпы, мұндай жағдайларды болдырмау үшін құқыққорғау органдары тиісті іс-шараларды жүзеге асыруы керек, - деді М. Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Сонымен қатар тілшілер Алматы облыстық Полиция департаментінің бұрынғы бастығы, Қаңтар оқиғасынан кейін сотталған Серік Күдебаевтың Өскемен түрмесіндегі суретіне қатысты сұрады. «Серік Күдебаев және өзге сотталғандар түрмеде дастархан жайып, тойда отырғандай суретке түскен. Бұл оқиға түрмеге смартфондар емін-еркін кіргізіліп жатыр дегенді білдіре ме?», - деп сұрақ қойды тілшілер.

Өз кезегінде Сенат төрағасы қылмыстық-атқару жүйесіндегі бұл деректер салада біраз проблема бар екенін көрсеткенін айтты.

«Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті бар және бұл комитет құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Аталған комитет құрамындағы депутаттар Үкімет мүшелерін шақырып, бұл мәселеге қатысты талдау жасаймыз. Қылмыстық-атқару жүйесінде проблемалардың бар екенін мойындауымыз керек», - деді палата төрағасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Серік Күдебаев 28 сәуір күні 10 жылға сотталған болатын. Оған лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану және азаптау баптары бойынша айып тағылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары