Ұлытау облысына қарасты Қаражал тұрғыны 28 жастағы қызды өлтірді деген күдікке ілінді. Марқұмның туыстары күйеу жігіттің қалыңдығын көлікпен қуалап, соңында жолдан әдейі ығыстырып аударып жібергенін айтады. Көлікте отырған бойжеткен оқиға орнында қаза тапқан, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.
Жол апаты Қаражал – Қарағанды тасжолында болған. Марқұм Арайлымның туыстары күйеу жігіт оны жиі ұрып-соғып, қорлық көрсетіп жүргенін айтады.
Неке қиылғанға дейін олар Қаражалда бірге тұрған. Қайғылы оқиғадан сәл бұрын қыз ата-анасына телефон соғып, өзін алып кетуді өтінген. Алайда үйіне кетіп бара жатқанда, Қарағандыға қарай шыға берісте жолда ішімдікке сылқия тойып алған күйеу жігіт оларды тоқтатып, көліктің терезелерін темір таяқпен сындыра бастағн.
Осыдан кейін көлік рөлінде отырған жас жігіт, яғни қалыңдықтың ағасының досы полицияға хабарласу үшін Қаражалға қайта бет алады. Алайда мас күйеу жігіт олардың соңынан қуады.
Ол бірнеше рет көліктің артқы бамперінен және артқы сол жақ қанатынан соққылаған. Оның мақсаты көлікті жол жиегіне қарай аударып жібермек болған. Ол көлігінің рөлін жол жиегіне қарай қасақана бұрып, алдындағы көлікті жол шетіне ығыстыра бастаған, - дейді қыздың туыстары.
Соның салдарынан көлік аударылып кеткен. Бойжеткен оқиға орнында қайтыс болса, анасы мен ағасы екі досымен бірге жарақат алып ауруханаға жеткізілген.
Бұл оқиғаға қатысты Ұлытау облыстық полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиев пікір білдіріп, марқұм қыздың күйеу жігіті болған ер адам 6 қыркүйекте уақытша ұстау изоляторына қамалғанын айтты.
Көліктің қандай себеппен жолдан шығып кеткенін анық білу үшін лак-бояу сараптамасының қорытындысын күттік. Қазір тергеушінің қолында күдіктінің көлігінің жәбірленушілер көлігінің бамперіне және сол жақ қанатына механикалық соққы жасағаны туралы сарапшылардың қорытындысы бар. Ол қамау изоляторына орналастырылды. Тергеуші сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 345-бабының «Жол қозғалысы ережелерін бұзу» санатын 99-бап «Ксі өлтіру» және 24-99-баптары бойынша үш жәбірленушіні «өлтіруге оқталу» деп өзгертті. Бұл істің тергеу барысын жеке бақылауыма аламын,– деді Қайыркен Әлиев.