Алматыда полиция атыс қаруын заңсыз сақтау деректерінің алдын алу мақсатында тұрғындардан тіркелмеген қару-жарақ, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша іс-шаралар жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Тұрғындардан заңсыз сақталған қаруды сатып алу бойынша іс-шаралар аясында аумақтық полиция бөлімшелеріне азаматтардан 24 өтініш келіп түсті. Азаматтар 34 бірлік тіркелмеген атыс қаруын, сондай-ақ, мылтыққа арналған 60 патронды өз еркімен тапсырды. Тіркелмеген қару мен оқ-дәрілерді тапсырған азаматтарға төленген ақшалай төлемдердің жалпы сомасы 2 млн 380 мың теңгені құрады. Сонымен қатар заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсыруға ниет білдірген азаматтар, егер әрекеттерінде басқа құқық бұзушылықтар болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын айта кету керек, - деді Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Асхат Құлбаев.