$ 443.35  475.54  4.82

«Домбыра – харам»: Аманжол Әлтай дабыл қақты

Ендеше, домбыраға тиісу – Ұлтқа тіл тигізу, төлтума мәдениетімізді қорлау, өткен тарихымыз бен бүгінімізге көлеңке түсіру деп қабылдаймыз.
Фото: azattyq-ruhy.kz
Фото: azattyq-ruhy.kz

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Мәжілістің жалпы отырысында ұлттық аспап домбыраға қатысты сауал жолдап, домбыраны харам дегендер жайлы айтты, деп хабарлады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ұлттық этникалық төлтума мәдениетіміздің шырақшысы – қазақтың қасиетті қара домбырасы. Өкінішке қарай, бүгінгі қоғам арасында, әлеуметтік желілерде осы халқымыздың арда болмысын ардақтайтын домбыра аспабына деген шабуылдар, жас ұрпақтың санасын теріс ұғымдарға итермелейтін қауіпті де ұлттық дүниетанымымызға жат пікірлер көбейіп барады. Әсіресе, діни жат ағымдардың жетегінде кеткен кейбір Қазақстан азаматтары жұртты адастыратын теріс пікірлер таратып жүр. Бұған әлеуметтік желіде желдей есіп жүрген «Домбыра – харам» деген секілді адам шошытар алып қашпа сөздер дәлел, - деді депутат.

Аманжол Әлтай атап өткендей, домбыра – тарихи санамызды жаңғыртуға жол ашатын, ата тарихымызды, халқымыздың ғасырлар безбеніндегі сан қырлы тағдырын баяндайтын, өткені мен бүгінін үндестіретін қайталанбас ұлы құндылығы, деп жазды baq.kz.

Сонымен қатар домбыра – бүгінгі жас ұрпақты мейірімділік пен парасаттылыққа, адалдық пен Отансүйгіштікке, қайсар намыс пен қайырымдылыққа баулитын адам жанының бағбаны. Домбыра – татулық пен бірліктің мәмілегері.

Ата тарихымыздағы небір аласапыран замандарда ұлтты ұйыстыруға, елді біріктіруге, ерлерді ел қорғауға шақыруға зор рөл атқарған. Кешегі 1932-жылдардың аштығында да ата-бабаларымыз білегінен әл кетіп, өзегі талып, ақтық демі шыққанша қолынан домбырасын тастамаған. «Нағыз қазақ – қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыра» деп, Қадыр ақын айтпақшы, Домбыра аспабы – Қазақ деген сөздің синонимі, Ұлт деген ұғымның мазмұнын ашатын мәнге ие. Себебі, халқымыздың арман-мұраты, ұлттық тәлім-тәрбиесі, төлтума мәдениеті, дүниетанымы – осы қасиетті домбыра арқылы көрініс табады. Ендеше, домбыраға тиісу – Ұлтқа тіл тигізу, төлтума мәдениетімізді қорлау, өткен тарихымыз бен бүгінімізге көлеңке түсіру деп қабылдаймыз, - деді Мәжіліс депутаты.

Оның сөзінше, Конституциямыздың 14-бабында нақты көрсетілгендей, қазақ халқының ұлттық құндылығы мен ерекшелігіне тіл тигізуге ешкімнің де құқы жоқ.

«Домбыра – Қазақстандағы аса маңызды символдардың бірі. Домбыраның екі шегі ежелгі заман мен осы заманның сырын шертеді» деп Рим Папасы біздің елімізге келген соңғы сапарындағы сөзін домбыраға арнағаны тегін емес. Дәлірек айтсақ, домбыра адамзат баласы мән беріп, назарын аударуға тұрарлық қазақ халқының қасиетті құндылығы. Ананың әлдиіндей, баланың бал тіліндей ең тәтті үн – домбыраның үні. Еңдеше, аспанда да, жерде де қаза жүрген жерде домбыра бірге жүреді. Азаттығымның, қазақтығымның бойтұмарындай қасиетті домбыраға тіл тигізуге, қорлауға жол бермейік, армен де, заңмен де қорғай білейік, тыйым салайық! AMANAT партиясының тұғырнамасында да рухани құндылықтарымызды жаңғыртуға, ұрпақ санасына сіңіруге мән берілген, - деді мәжілісмен.

Депутат осыған орай бірқатар бастамасын ұсынды.

Мемлекет басшысының: «Мектепте домбыра үйрету сабақтарын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама» - деген сөзін Оқу-ағарту министрлігі ескерусіз, аяқсыз тастамауға тиіс. Білім беретін орта мектептерде ән-күй сабағында домбыра аспабын үйрету оқу бағдарламасына енгізілсін. Оқыту процесіне музыкалық жоғарғы және арнаулы білімі бар білікті мамандар тартылсын. Бұқаралық ақпарат құралдарында, радио және телеарналарда домбыра аспабының құндылығын ашатын ән-күй, жыр-терме, айтыс өнерлері көбірек насихатталсын. Дін істері жөніндегі басқарма теріс ағым жетегінде кеткен адамдармен жұмыс жүргізуді күшейтуі тиіс, - деді ол өз сауалында.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары