129 жыл бұрын (1894-1935) көрнекті қоғам қайраткері, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, аудармашы Ахмет БАРЖАҚСИН дүниеге келді.
Атбасар уезі Жезді болысында туған. Атбасар қаласындағы 2 сыныпты орыс-қазақ мектебін, мұғалімдер семинариясын (Омбы, 1918), Омбы ауыл шаруашылығы интернатын (1922), Мәскеу әдебиет интернатын (1926) бітірген.
«Бірлік» мәдени-ағарту ұйымын құруға атсалысқан. 1920 жылы Ақмола уездік ревкомы қазақ бөлімінің, 1921 жылы Ақмола губерниясының атқару комитетінің, 1923-1924 жылдары Қазақ тұтынушылар одағының төрағасы, 1925 жылы ОАК жанындағы Ұлт бюросының нұсқаушысы, Орталық тұтынушылар қоғамы одағының Берлиндегі өкілі, 1928 жылы Ақтөбе облысы ауыл шаруашылығы банкінің меңгерушісі болды. 1928 жылы желтоқсанда большевиктер партиясы қатарынан өз еркімен шықты. 1929 жылы сәуірде «партия беделін төкті», «троцкийшіл» деген айыппен қамауға алынып, Батыс Сібірге жер аударылды. 1933 жылы жазасын өтеп келіп, Омбы ауыл шаруашылығы интернатына оқытушы болып жұмысқа орналасты.
1934 жылы 15 наурызда ОГПУ үштігі Баржақсинді екінші рет Батыс Сібірге 5 жылға жер аударып, 1935 жылы атылды. Әлеуметтік төңкерістер заманында өмір сүрген Баржақсин өзінің қысқа ғұмырында артына мол әдеби, ғылыми мұра қалдырды. Ол қазақтың 1710 мақал-мәтелін жинап, 1915 жылы тұңғыш рет «Мың бір мақал» кітабын қазақ, орыс тілдерінде шығарды. Оқу-ағарту мәселесі, әйел теңдігі жайлы мақалалары мен әңгімелері «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа», «Үш жүз» газеттерінде, «Айқап» журналында басылды. Л.Н. Толстойдың әңгімелерін аударып, «Айқап» журналында, «Ертерек білсең жасырма» атты мақаласы Орыс географиялық қоғамының «Жазбаларында» (1916 жылы 28 тамызда) жарияланды. 1927 жылы «Елге шаруа кооперативі мен тұтыну кооперативінің қайсысы қолайлы?», «Тұтыну дүкенінің ісін қалай жүргізу керек?» деген кітапшалары жарық көрді. 1937 жылы Баспахана мен әдебиет ісі жөніндегі Бас басқарма Баржақсиннің «Мың бір мақал» деген кітабын халыққа зиянды кітаптар қатарына қосып, пайдаланудан шығарды. Баржақсин мұралары әлі толық зерттелмеген.