$ 443.44  480.51  4.88

Түркістан облысында тау-тасты жағалап интернет іздеген мұғалімдердің мәселесіне құзырлы органдар жауап берді

Ауылда спутниктік станция орнатылғанымен, ұялы байланыс операторымен келісу мүмкін болмаған.
Фото: otyrar.kz
Фото: otyrar.kz

Түркістан облысы Қазығұрт ауданының Аққұм ауылының мұғалімдері интернетке қосыламыз деп тау-тасты жағалап жүр, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

ДӘМХАНА, КӨРШІ, ТАУ-ТАСТЫ ЖАҒАЛАҒАН МҰҒАЛІМДЕР

Мұғалімдер күнделікті электронды журналдарды толтыруға міндетті. Ал оқушылар информатиканы тек теория жүзінде оқуға мәжбүр. Мектеп компьютерлері үстелдерде шаң жинап тұр.

Бізге аудан орталығынан көптеген электрондық хат жіберіледі. Оларды интернетсіз ашу мүмкін емес. Сондықтан біз бұл үшін жиі сөгіс аламыз, — дейді информатика пәнінің мұғалімі Алмас Сарман.

Мектептің өзінде интернет бар. Айына тек 10 гигабайт бөлінеді. Бұл өте аз, трафик алғашқы үш күнде аяқталады. Интернеттің жылдамдығы туралы айтып та керегі жоқ.

OTYRAR хабарлағандай, мектеп директорының айтуынан кейін мұғалімдер интернет іздеп жолға шығады. Мұғалімдер екі жылдан астам уақыт осылай жұмыс істеп отырғандарын мойындайды. Жол жиегінде тұрып, ноутбуктермен қаруланған мұғалімдер электронды журналдарды толтырады. Ал күн суығанда мұғалімдер көрші ауыл тұрғындарына қонаққа барады.

Кейде біз кафеге кіреміз, онда таныстар жұмыс істейді. Бірақ, адамдар ішімдік ішіп, шу шығарады. Біз түкпірге отырамыз және жұмысымызды істейміз. Әр тоқсан сайын біз есеп беруіміз керек. Сол кезде біз түнгі 12-лерге дейін жұмыс істейміз. Балаларымыз қараусыз қалады. Біз мектепте де, үйде де емеспіз. Адамдар мұнда Аққұм мұғалімдері сығандар сияқты деп келемеждейді. Ал бізге бұл мүлдем күлкілі емес, - дейді бастауыш сынып мұғалімі Құралай Қожабергенова.

Жергілікті билік бұл жағдайдан хабардар. Ауылда спутниктік станция орнатылған. Мәселені шешу үшін 45 метрлік мұнара орнату керек. Тіпті демеуші де табылған. Бірақ ұялы байланыс операторымен келісу мүмкін болмаған.

Қазір МЖӘ 2.0 бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Министрлік тарапынан оптика жүргізіледі. Осы жылдың соңына дейін немесе келесі жылы оптика төсеу жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Осыдан кейін базалық станция жұмысының сапасы жақсарады деп үміттенеміз, — деді Қазығұрт аудандық әкімдігі бөлімінің бас инспекторы Ерсайын Нұрлыбек.

«ҚАҒАЗ ТҮРІНДЕГІ КҮНДЕЛІКТІ ҚОЛДАНУҒА БОЛАДЫ»

Бұл мәселе бойынша Оқу-ағарту министрлігіне хабарласып көрдік. Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев «Күнделік» электрондық порталын пайдалануға қатысты келесіні хабарлады.

"Kundelik» мектеп қосымшасын пайдаланушы ата-аналар сабақ кестесі мен білім алушылардың оқу үлгерімін көрудің кей кездері қол жетімсіз болуына байланысты алаңдаушылықтарын білдіруде. Мектептердегі оқушылар қозғалысы ретке келіп, сыныптардың қалыптасуы және оқу жүктемелерін тарификациялау үдерісі аяқталғаннан кейін тұрақты сабақ кестесі қалыптасады, содан кейін ғана білім беру ұйымдары қосымшаға тұрақталған нақты Оқу кестелерін іледі. Бұл жыл сайын сайын атқарылып отырған жұмыстар, алаңдауға еш негіз жоқ. Баршамызға белгілі қағида - «Күнделік» электрондық порталын пайдалану интернетке қолжетімділікке, оның жылдамдығына, сондай-ақ білім алушылардың тұрғылықты мекен-жайында интернет желісіне қолжетімділіктің болуын қажет етеді. Десекте, 2020-2021 жылдары COVID-19 пандемиясы кезінде ұйымдастырылған онлайн-сабақтары көрсеткендей Қазақстанның кейбір өңірлерінде, әсіресе шалғай ауылдарында интернет жылдамдығының төмендігі орын алған және ондай мәселе осы күні де бар», - дейді комитет төрағасы.

Ол атағандай, интернет жылдамдығының жеткіліксіздігінен білім алушылар электронды «Күнделікке» кіріп, үй тапсырмаларын уақтылы алу және орындауда белгілі қиындықтарға тап болып жатыр.

Ол туралы әлеуметтік желілерде де ақпараттар таралуда. Осыған орай, интернет желісінің қажетті деңгейдегі жылдамдығына қол жеткізгенге дейін білім алушылар үшін электрондық күнделікпен қоса қағаз түріндегі күнделікті пайдалану орынды деп есептейміз. Бұл уақытша шара ата-аналар тарапынан баланың сабаққа қатысуына және үлгерімін бақылауды күшейтуге септігін тигізеді деп санаймыз.Осындай ұсыныс-хат аймақтық білім басқармаларына жолданды, - деді Қуаныш Жұмашев.

«БАЗАЛЫҚ СТАНЦИЯНЫ ОРНАТУДЫ ҰЯЛЫ ОПЕРАТОР ШЕШЕДІ»

Бұл жағдайға қатысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен де сұрап білдік. Министрлік қажетті жұмыс істеліп жатқанын, байланыс операторынан жауап күтіліп отырғанын хабарлады.

«Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, Аққұм ауылында 432 адам тұрады. Ауылда байланыс ұстайтын байланыс технологиялары:

- Ұялы байланыс 2G – «Кcell» АҚ;

- Мобильді Интернет 3G – «Кcell» АҚ.

Сонымен қатар, Түркістан облысының әкімдігі байланыс операторларымен бірлесіп ауылдарда интернет қызметін жақсарту және қамтамасыз ету бойынша Жол картасын әзірлеп жатыр. Аққұм ауылы осы Жол картасына енді. Жол картасы аясында байланыс сапасын жақсарту үшін антенна-діңгек құрылысын орнату жоспарланып отыр, одан кейін «Кcell» АҚ байланыс операторы базалық станцияны орнатады», - дейді министрлік.

Әзірге ұялы оператордың жауабы күтіліп отыр.

Кcell АҚ байланыс операторынан базалық станцияларды орнатудың нақты күні туралы ақпарат күтіліп отыр. Сонымен қатар министрлік «Қолжетімді Интернет» байланыс саласындағы ұлттық жобаны әзірледі. Осы жоба аясында 3 мыңнан астам талшықты оптикалық байланыс қызметтін, оның ішінде Аққұм ауылын қамтамасыз ету бойынша іс-шара көзделген, - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

«ҰЯЛЫ БАЙЛАНЫС ОПЕРАТОРЫ МЕН ЖЕРГІЛІКТІ АТҚАРУШЫ ОРГАННЫҢ ЖҰМЫСЫ»

Ауылға қосылған ұялы байланыс операторы өкілдерінің де пікірін білдік. Ауыл тек жалғыз ұялы операторына қосылып отыр.

Қазығұрт ауданы Алтынтөбе ауылдық округі Аққұм елді мекенінде 2020 жылдың желтоқсан айында Kcell операторының базалық станциясы орнатылған болатын. Өкінішке қарай, жер бедерінің күрделілігіне және жердегі трансмиссияның болмауына байланысты – сол кездегі байланыспен қамтудың жалғыз мүмкін болар жолы спутник арқылы қосылу тәсілі еді. Спутниктік трансмиссияда деректерді беру арнасы сапалы интернет байланысын қамтамасыз етуге жеткіліксіз, - деп хабарлады ұялы оператордың баспасөз қызметі.

Байланыс операторы абоненттер жылдам интернетке деген қажеттілікті түсініп отырғанын және осы бағытта қажетті әрекеттерді жүзеге асырып жатқандарын айтады.

Нақтырақ айтқанда, қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органмен ұйымдастыру мәселелерін шешуде, яғни байланыс операторы өз құрылғыларын орнатуы үшін жергілікті атқару органдары инфрақұрылыммен қамтамасыз етуі тиіс, яғни антенна-діңгек құрылысын салу және оны электр энергиясымен қамтамасыз ету. Сонда ғана байланыс операторы радиорелелік көпірді іске асыруға және ауылды сапалы мобильді интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік алады, - деп түйіндеді олар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары