Алматы тұрғыны Айтжамал Шахытбаева қаладағы номері үшінші перзентхананы сотқа бергелі жатыр. Дәрігерлердің кесірінен осымен оныншы рет пышаққа түстім деген әйел бір жыл бойы аурухана төсегіне таңылған мүшкіл халіне ақ халаттыларды айыптап отыр, деп хабарлайды «31 арна»
Өйткені, осыдан 25 жыл бұрын оған ота жасаған акушер-дәрігерлер, келіншектің құрсағына медициналық дәкелерін ұмытып қалдырып кеткен көрінеді. Бүгінде Шахытбаева ағзасы артық іріңнен тазартылып, кезекті операциядан шықты.
Күйеуі Марат Шахытбаевтың айтуынша, әйелі тексеруден өткен соң дәрігерлер кесіп қарамаса болмайтынын айтқан. Себебі, әйелдің ішінде дәке тампон қалып қойған. Ол аналық безіне жабысқан да, шірітіп жіберген.
Ақ халаттылар ұмыт қалдырып кеткен ағзадағы бөгде заттың айналасындағы органдарды зақымдағанын онколог дәрігерлер өткен жылы анықтапты. Яғни, науқас ауруының себебін анықтау үшін, онкология мамандарына да жүгінген. Бірақ, біршама уақыт өтіп кеттіге салынып, Шахытбаевтар отбасы ешқайда шағымданбапты. Алайда, бір жыл бойы аурухана төсегінен тұра алмаған Айтжамал Шахытбаева «денемді дерт дендеп барады» деп соңғы кезде алаңдай бастаған. Апта бұрын операция жасаған дәрігерлер науқасқа бірнеше диагноз қойып отыр.
— Ішінің төменгі жағында іріңді ісік пайда болған. Қазір ота жасалып, науқастың жағдайы қалыпты болды. 1988 жылы ота жасалған кезде бөгде зат қалып қойған. Және С гепатитімен ауыратындығы анықталды. Бауыр циррозы ауруына ұласуы да мүмкін. Әзірге бұл диагноздың нақтылығы анықталып жатыр, — дейді Хирургиялық инфекция бөлімінің меңгерушісі Қамбар Байжігітов.
Осы отаға түсерден бұрын Шахытбаева 25 жыл бұрынғы отаны кім жасағанын анықтауға №3 перзентханаға барған екен. Бірақ ондағылар 20 жылдан соң мұрағат жойылып кететіндігін айтып, мардымды жауап бермеген.