$ 448.15  483.46  4.86

Ақмола облысында жаназаға келген 44 адам астан уланып қалды

Ақмола облысы Бурабай ауданындағы дәмханалардың біріне жаназа асына барған 44 адам тамақтан уланып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

Облыстық Тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Әсем Төлеубаеваның мәліметінше, келеңсіз жағдай ағымдағы жылдың 26 ақпанында Бурабай кентіндегі дәмханалардың бірінде орын алған.

«Жаназа асына барған 232 адамның 44-і өздерін жайсыз сезініп, дәрігер көмегіне жүгінген. Науқастардың барлығы іш өту, құсу, дене қызуының көтерілуі белгілеріне шағымданған. Дәрігерлер оларға бірден жедел медициналық көмек көрсетті. Қазіргі кезде, 10 науқас үйлерінде амбулаториялық ем қабылдап жатса, қалғаны мекен жайлары бойынша ауруханаларға жатқызылды. Науқастардың жағдайы қанағаттарлық, тиісті медициналық көмек көрсетілуде», - деп түсіндірді Ә.Төлеубаева.

Сонымен қатар, ол қазіргі кезде, аталған дәмханадағы ас мәзірінің барлығынан зертханалық сынама алынып, сараптамадан өткізіліп жатқанын атап өтті.

«Алдын ала болжам бойынша, ауру жедел ішек инфекциясы немесе сальмонеллёз және сол күні асылған жылқы етінен туындауы мүмкін. Науқастардың дені Бурабай ауданы мен Астана және Көкшетау қалаларынан асқа келген адамдар. Қазіргі кезде жалпы, сол күні асқа шақырылған адамдардың барлығының аты-жөні анықталып, тізімдері жасалынуда. Аурудың нақты неден шыққанын зертханада жүргізілген сараптама қорытындысынан кейін ғана белгілі болады», - деді Ә.Төлеубаева.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары