$ 443.85  474.3  4.8

Павлодар тұрғындарының 48 млн теңгесін алдап алған алаяқ әйел жазадан құтылып кетті

Петропавл қалалық соты 52 адамды алдаған Ұлттық банктің экс-қызметкеріне қатысты үкімді өзгертті деп хабарлады КТК телеарнасы. 40 жастағы Аягүл Қасымова аңғал жұртқа арзан пәтер әперемін деп, 48 миллион теңгесін алдап алған. Осы қылмысы үшін ол былтыр жазда 6 жыл 8 айға сотталған болатын. Енді Қасымова рақымшылыққа ілігіп, қалған мерзімі екі есе қысқартылып отыр.

Аягүл Қасымованың рақымшылыққа ілігуіне кәмелетке толмаған екі баласы бар болуы себеп. 17 және 6 жастағы екі ұлы қазір әкелерімен тұрады екен. Енді екі жыл тоғыз айдан соң олар анасымен қауышуы тиіс. Ал, Аягүл жазасын Петропавлдағы түзету мекемесінде өтеп жатыр. Ұлттық банктың Көкшетаудағы филиалының бұрынғы қызметкері «Темірбанктегі» танысымен ауыз жаласып, кепілдікте тұрған пәтерлерді сырттай сатқан. Алданғандардың арасында мемлекеттік бағдарлама бойынша кезектен тыс пәтер алғысы келгендер де бар. Бүгін сонау Көкшетаудан арнайы келген олардың біразы Қасымованың рақымшылыққа ілінгеніне риза еместігін айтты. 

Гүлсара Шаяхметова, жәбірленуші:

Оның туған сіңлісі Бас прокуратурада қызмет етеді. Тағы бір әпкесі облыстық соттың судьясы. Әрине, олар туысына көмектесіп отыр. Біз тіпті 3 жыл бойы қылмыстық іс қозғата алмадық. Тек жәбірленушілер саны елуден асқанда зарымызға құлақ асты. Енді алаяқ  екі жылдан соң бостандыққа шығайын деп отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары