$ 441.66  475.14  4.86

«Аллахтың атымен ант етемін». Бекболат Тілеухан Құран ұстап, Kausar Travel-ге қатысы жоғын айтты

Қарапайым халықтың тірнектеп жиған, Меккеге деген махаббатынан шығып, аузынан жырып жинаған адал ақысын жымқырып кету деген - өте бір ауыр жала.
Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Шымкенттегі атышулы Kausar Travel компаниясына қатысты даулы іс аяқталған еді. Сотта турфирма директоры ақшаны Бекболат Тілеуханға бергенін, оған сеніп, өзі де алданғанын айтқан. Бекболат Тілеухан аталмыш жайтқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Экс-депутаттың Kausar Travel компаниясына байланысты пікірі шілдеде әлеуметтік желіде жарияланған еді. Әйтсе де соңғы уақытта тараған ақпараттарға орай Бекболат Тілеуханның ол посты әлі де актуалды болып отыр.

Жалақорға жауап…! Өзіммен-өзім болып, кітабымды жазып, берелерімді жазбаша түгендеп, бала-шаға, әулеттің қамына ғана көңіл бөліп, намазымды оқып, жасымыз да біразға жетті, басқаның бәрінен бас тартамын деген оймен жүргенмін ғой. Бірақ бүгін осылай елдің алдына шығып сөйлеуге мәжбүр болып отырмын, қажеттіліктен шығып отырмын. Осыған уақытқа шейін талай жала жабылды. Қару сатты деді, анасын өлтірді деді, анасын тігінен көмді деді. Оның немене керегі бар? Ән ұрлады деді, Саудиядан қаржы алды деді, Сирияға кісі жіберді деді. Енді не бар? Біраз жала жапты. Олардың бәріне пәлендей көңіл бөлген жоқпын. Нанар, нанбас, қисынсыз нәрсе. Нанғысы келгендер, нанғандар болды деген сияқты, - дейді Бекболат Тілеухан.

Оның сөзінше, ақша алды деген әңгіме жалалардың ішінде ең ауыр жала болған.

Бірақ мына соңғы жала тіпті ауыр болып кетті. Өйткені қарапайым халықтың тірнектеп жиған, Меккеге деген махаббатынан шығып, аузынан жырып жинаған адал ақысын жымқырып кету деген - өте бір ауыр жала. Ол жаланы жауып отырған Медет Мұратбаев дейтін бала екен. Ол бейшараға да біреулер айтқызып отыр. ...Ол айтады: "22 жылы күзде Алматы қаласында бәленбай миллион теңге Бекболатқа бердім" дейді. Бекболат 22 жылдың наурызы мен 23 жылдың қаңтарында Қазақстан топырағына табанын басқан жоқ, айтатын адам айта береді ғой, - дейді ол.

Бекболат Тілеухан бұл іске қатысы жоқ екеніне Құран ұстап ант берген.

Елдің ішінде осыған байланысты күмәнді нәрсе туған соң мынадай қадамға баруға мәжбүр болып отырмын. Осы уақытқа шейін қаншама қызмет атқардым.... Сол кезде де ешқашан намазымды тастаған жоқпын, мешітімді тастаған жоқпын, дінімді жасырған жоқпын. Сақалымды қырған жоқпын, қырмаймын да, тастамаймын да Инш Алла. Мен үшін дін қаншалық маңызды екенін білесіздер. Ислам Құранға негізделген. Құранмен ант ету Алланың атымен ант ету дегеннің жүгі ауыр екенін білесіздер. Кімде кім өтірік Құранмен ант етсе, діннен шығады білесіздер. Мына сөзім елге жету үшін осындай қадамға мәжбүрлі түрде барып отырмын. ...Мынау үйде оқитын Құраным. Осы Құранға қолымды қойып отырып, ант еткім келеді. Аллахтың атынан ант етемін, ешқандай Kausar Travel деген фирма бар екенін білмеймін, білген жоқпын, одан соқыр тиын алған жоқпын, оған дейін жер бетінде Медет Мұратбаев деген адам бар екенін білсем, Құдай мені тапсын. Ешқашан ондай нәрсе болған емес. Аллахтың атымен ант етемін. Беті бүлк етпей жала жауып отыр. Жала жапқызып отыр. ...Мен анамды өлтірген жоқпын, анамды тігінен көмген жоқпын. Ешқандай ән ұрлаған жоқпын. Сирияға бір кісі жіберсем, Құдай көріп отыр. Саудиядан бір тиын ақша алған жоқпын. Жалалардың бәрі қисынға келмейді. Бұқараның есінде маған байланысты күмән қалмасын деген оймен аса бір сәтті қадам емес шығар, бірақ осы қадамға баруға мәжбүр болдым. Өйткені бұл жерде діннің, мұсылманның абыройы тұр. Мұсылманның абыройы Қағбадан қадірлі деген, - дейді ол видеода.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары