ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті қаржы пирамидасын құру және басқару бойынша Sterling Invest ЖШС басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қаржылық мониторинг агенттігінің 4 қазан күні хабарлауынша, Sterling Invest компаниясын құрушылар құрылыс материалдарын сатып алу үшін салымшылардың қаражатын тартып, 20%-дан 40%-ға дейінгі мөлшерінде сыйақы беруге уәде еткен. Инвестицияның ең төменгі сомасы 200 000 теңге деп белгіленген. Ақшаны 15 күннен 35 күнге дейінгі мерзімде қайтарып беруге тиіс болған.
Қаржы пирамидасын құрушыларға сенген астаналықтар жеме-жемге келгенде ақшасыз қалған. Қазіргі уақытта 80-нен астам адам жәбірленуші ретінде танылып, оларға жалпы сомасы 250 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірілгені анықталды.
Сонымен қатар MegaSnabGroup.KZ және "Азия Сталь Казахстан" ЖШС еншілес кәсіпорындары анықталып, олар да сыйақылардың үлкен пайызын уәде ете отырып, құрылыс материалдарын сату және инвесторлардың қаражатын тарту бойынша ойдан шығарылған қызметпен айналысады. Сонымен қатар, компаниялар әрбір әкелінген инвестор үшін инвестиция сомасының 5%-дан 10%-ға дейінгі мөлшерінде қосымша табыс алуға уәде береді, - делінген ҚР ҚМА баспасөз қызметі хабарламасында.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, сот бұл қаржылық пирамиданы ұйымдастырушыға "үй қамауы" түріндегі бұлтартпау шарасы ретінде санкция берді.