Астанада мемлекеттік органдардың басшылары жемқорлығы үшін сотталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты пара алған бірнеше басшыға үкім шығарды (ҚР ҚК 366-бабы):
- Астана ТЖД басқармасының бастығы Б. Бейсенқанов 5 жылға бас бостандығынан айыруға;
- құрылыс басқармасының басшысы А. Жанғасканов 4,5 жылға бас бостандығынан айыруға;
- ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Ғ. Айтжанова 60 млн теңге айыппұлға;
- ІМАД бас маманы А. Әбішева 90 млн теңге айыппұлға сотталды.
Лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланған (ҚР ҚК 361-бабы) Астана құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ж. Мырзахметовтың 4 жылға бас бостандығы шектелді.
Аталған адамдар мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды, деп жазады Kazınform.
ТЖД басқарма бастығы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы орталық стадионды апатты деп тану туралы құжаттаманы келіскені үшін құрылыс компаниясы өкілінен 5 млн теңге сомасында пара алды деп айыпталған.
Басшының орынбасары және ІМАД бас маманы аудиторлық тексеру бойынша оң қорытынды үшін жеке компания өкілдерінен 2 млн теңге сомасында пара алды деп айыпталды.
Астана қаласы құрылыс басқармасының басшысы мен оның орынбасарына лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін айып тағылды.
Олар құрылыс компаниясын 21 млн теңгеден астам сомаға материалдық құндылықтарды сатып алуға көндірген.
Сондай-ақ, құрылыс басқармасының басшысы жалпы қамқорлығы және мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін ЖШС басшылығынан 400 мың теңге сомасында пара алды деп айыпталды.
Осы үкіммен жеке құрылыс компаниясының өкілдері жоғарыда аталған барлық лауазымды тұлғаларға пара бергені үшін жалпы сомасы 500 млн теңгеге жуық айыппұл салуға сотталды.
ҚР ҚК 41-бабына сәйкес айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.