Қазақстан құтқарушылары Ауғанстанның үш елді мекенінде жер сілкінісінен қираған үйлерді тексеріп шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Ауғанстанға жіберілген қазақстандық құтқарушылар жойқын зілзала салдарын жоюға көмек көрсетуді жалғастырып жатыр.
Наиброфи елді мекенінде қазақстандық құтқарушылар 211 үй фрагментінің үйіндісін бөлшектеді. «Бір қатармен» әдісі бойынша олар 487 учаскені жаяу жүріп өтті. Осы елді мекенде 700 үйдің қирандысы тексерілді.
Толығымен қираған тұрғын үйдің біреуін бөлшектеу барысында құтқарушылар қаза болған 5-6 жасар баланың денесін тауып, алып шықты.
Ауған тарапының өкілдерімен бірлесіп, қазақстандықтар Наиброфиден 10 км қашықтықта орналасқан Сияхан елді мекенінде толығымен қираған үйлердің астын тексерді. Чолк елді мекенінде де үйінділерді бөлшектеу жұмыстары жүргізілді. Зардап шеккендер табылған жоқ, - делінген министрлік ақпаратында.
Мәліметке сүйенсек, Қазақстан құтқарушылары жергілікті 80 тұрғынға, оның ішінде 11 балаға медициналық көмек көрсетті.
Қатты афтершок фактілерінің жиілеуіне және бөлінген учаскедегі жұмыстардың аяқталуына байланысты Қазақстан ТЖМ жасағы Герат қаласына бару үшін жолға шыққан.
7 қазан күні Ауғанстанның батысындағы Герат провинциясында 6,3 балдық жер сілкінісінен 2053 адам қаза тауып, 9 мыңнан астам адам жарақат алды.