$ 495.2  522.34  4.94

Жүкті әйелдердің жанайқайы: СҚО-дағы бір ауданда 6 жылдан бері перзантхана жоқ

Айтуларынша жеткенше шұрық-тесік жолда селкілдеп, аман босануларын тілеп келеді.
Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында алты жылдан бері перзентхана жоқ. Ауылдың жүкті әйелдері баласын дүниеге әкелу үшін ең азы 36, ең көбі 400 шақырым жол жүреді екен. Босанатын мерзімі жақындап, толғағы жеткен нәзік жандылар көрші ауылға, қалғандары облыс орталығы – Петропавлға жіберіледі, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

12 мың тұрғыны бар елдімекеннің қыз-келіншектері перзентхана жоқтығы былай тұрсын, оған жетудің өзі мұң деп ашулы. Айтуларынша жеткенше шұрық-тесік жолда селкілдеп, аман босануларын тілеп келеді, деп жазады 31-арна.

Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөлде перзентхана облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен алты жыл бұрын жабылған. Себеп – емханалардағы төсек сыйымдылығын тиімді пайдалану. Алайда қазір өңірдің жүкті әйелдері халқы екі есе аз көрші ауылға барады. Биыл елдімекендегі 156 әйелдің 109-ы 400 шақырым жердегі облыс орталығы – Петропавлда, қалғандары көрші ауылда босаныпты.

Ал шенеуніктер ауылда 250 адамға арналған поликлиникада перзентхананы қайта ашу мәселесін қарастырмақ екен.

Бізде жүкті әйелдерді Петропавл мен Талшықтағы перинаталды орталыққа жеткізетін 2 жедел жәрдем көлігі бар. Егер әйел толғақсыз болса, ауруханаға жоспарлы түрде жатуға өзі бара алады. Немесе жедел жәрдем көлігімен медициналық қызметкермен бірге жібереміз, - дейді Уәлиханов аудандық ауруханасы директорының орынбасары Ақбота Елмағанова.

Өңірдегі жолдың сау-тамтығы қалмаған. Шұрық- тесігі көп. Жазда тендер ұтқан Маңғыстаулық мердігер жаңа асфальтты пайдалануға бергенше айналма жол саламын деп жерді қазып тастаған. Қазір не жаңа асфальт салынбаған, не айналма жол пайдалануға берілмеген.

 Қызметін адал атқармағаны үшін Маңғыстаулық мердігермен келісімшартты бұздық. Қыркүйекте тендерді «КөкшеАвтодор» серіктестігі жеңіп алды. Олардың қазіргі міндеті – биыл айналма жол жасау. Басқа жұмыстар тек келер жылы жасалады, - дейді Уәлиханов аудандық әкімдігі бөлімінің жетекшісі Амангелді Қойшыбаев.

Бұл – Омбыға баратын республикалық маңызы бар жол. Күрделі жөндеу жұмыстарына 19,1 миллиард теңге бөлінген. Оны жаңа мердігер шарт бойынша 3 жылда салып бітіруі тиіс. Алдымен жол жөнделе ме әлде жаңа перзентхананың тұсауы кесіле ме, бұл жағы әзірге белгісіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары