Батыс Қазақстан облысының тұрғындары үш күннің ішінде алаяқтарға 20 млн теңгеге алданып қалды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, осы қысқа мерзімде 8 алаяқтық дерегі тіркелген.
Соның бірінде кейуана туысқанын қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін алаяққа 8 млн теңгесін беріп жіберген.
Екінші жағдайда алаяқтар 30 жастағы әйелдің бүкіл деректерін біліп алып, оның атынан 3 млн теңге көлемінде несие рәсімдеген.
Қазіргі кезде аталған деректер бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.
Алаяқтардың құрбаны болмау үшін мынадай қарапайым ережелерді есте ұстау қажет. Әдетте алаяқтар қалалық телефондарға қоңырау шалып, өздерін құқық қорғау органдарының немесе медицина қызметкері ретінде таныстырып, туысқандарыңыздың жол апатына ұшырағанын хабарлайды. Соны желеу етіп шұғыл ақылы ота жасау, қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін белгісіз біреулер мен такси жүргізушілері арқылы қолма-қол ақша беріп жіберуді сұрайды. Тіпті «туыстарыңызбен» байланыстырып, солар болып сөйлесіп, ақша аударуды өтінуі мүмкін. Мұндай жағдайда байланысты дереу доғарып, алаяқтар айтқан туыстарға қайта қоңырау шалу керек. Оларға хабарласа алмаған жағдайда 102 операторына не полиция бөліміне шығу қажет. Полиция департаменті алаяқтарға курьер ретінде көмектесетін адамдардың да қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салады. Сонымен қатар мобильді құрылғыларға қоңырау шалып, өздерін банктің қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстыра отырып, банк шотының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қосымша жүктеуді өтініп, келіп түскен кодты айтуды сұрайтындар да бар. Оған қоса онлайн сатып алу кезінде абай болу қажет, яғни күмәнді сатушылармен мәміле жасамау керек. Қажет болған жағдайда тұрғындар 8-711-2-92-19-06, 8-771-249-57-59 нөмірлері бойынша Орал қаласының киберполициясына қоңырау шала алады, - деп хабарлады ведомстводан.