Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдері қор басшылығының қанша жалақы алатынын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қордың баспасөз қызметі кейбір бұқаралық ақпарат құралында жарияланған «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басшылығы 2022 жылдың қорытындысы бойынша миллиондаған сыйақылар мен бонустар алды» деген ақпаратқа қатысты түсінік берді. Қорда 2022 жылы басқарма мүшелері қандай төлемдерді және қанша мөлшерде алғаны белгілі болды.
Қор өкілдері атап өткендей, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқармасының әрбір мүшесінің, оның ішінде төрағаның сыйақы мөлшері Үкімет қаулысымен 10 ЕТЖ (2022 жылы 600 мың теңге) шектелген. Сондай-ақ бұл бір жыл ішінде бір басқарма мүшесіне сыйақы ретінде төлеуге қарастырылған сома екені, басқарма мүшелері басқа сыйақы алмағаны айтылды.
ӘМСҚ топ-менеджерлеріне бонустар мен миллиондаған долларлық сыйақылар төленгені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Қордың жылдық есебінде көрсетілген сома 93,8 млн теңге – 2022 жылдың қорытындысы бойынша басқарма мүшелерінің (төрағаны қоса алғанда) жоғарыда көрсетілген сыйақылардың, демалыс және емдеу жәрдемақыларынан бөлек сома, - деп хабарлады Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры.
Директорлар кеңесі қордың басқарма төрағасының жалақысының шекті мөлшерін белгіледі.
Қазіргі басқарма басшысының жалақысы – ең төменгі белгіленген деңгейде, таза қолға 1,39 млн теңге алады, - деді қор өкілдері.