Жамбыл облысындағы әскери қоймадағы жарылысқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Almaty.tv арнасының хабарлауынша, Байзақ ауданында екі жыл бұрын болған апатқа отан алдындағы борышын өтеп жүрген екі сарбаз кінәлі деп танылды.
Байзақтағы жарылыс бойынша сот үкімі Шымкенттегі әскери гарнизон сотында оқылды. Оны тыңдауға 250 жәбірленушінің біреуі де келген жоқ. Тек сотталушылардың туыстары жиналды. Атышулы істе 6 адамға айып тағылған еді. Оның төртеуі офицер болса, екеуі – қатардағы жауынгер.
Тұранов Ерполат Ержанович ҚР ҚК 202-бабы 3-бөлігі 1-тармағымен көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Әшірбай Әсет Асылұлы ҚР ҚК 202 бабы 1-бөлігіне 1-тармақта көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған 9 жыл мерзімде бас бостандығынан айыру жаза тағайындалсын, – деді қалалық әскери гарнизон сотының судьясы Бөрлібай Каипов.
Сот 18 адамның өлімімен аяқталған жарылысқа екі сарбазды кінәлі деп тапты. Ал жұмысына салғырт қарады деген офицерлердің екеуі ақталып, екеуінің жазаға тарту мерзімі ескірген. Бірақ бұл шешіммен не сотталушылар, не олардың туыстары келіскен жоқ.
Адвокат та келтірілген дәлелдердің шындыққа жанаспайтынын айтты. Оқ-дәрі тұрған қоймаға жанып тұрған матаны лақтырды деп айыпталған қос жігіт мұны жасамағанына сенімді.
Енді сот үкіміне келіспеген тарап апелляцияға жүгінбек.