$ 494.87  520.65  4.91

Келер жылы Үкімет 16 заң жобасын әзірлемек

Бірқатар заң жобасы Құқықтық саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасынан шығып отыр.

 

 

Фото: https://t.me/KZgovernment
Фото: https://t.me/KZgovernment

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің кезекті отырысында министрлер кабинетінің заң жобалау жұмыстары жоспарының 2024 жылға арналған жобасы қаралды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Премьер-Министрдің айтуынша, келесі жылы Үкімет 16 заң жобасын әзірлеуді көздеп отыр, олардың сегізі Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға бағытталған.

Сондай-ақ Парламентке 4 жеке заң жобасын енгізу жоспарланып отыр. 

Солардың ішінде Цифрлық кодекстің жобасын ерекше атап өткім келеді. Онда отандық және үздік әлемдік тәжірибе ескеріліп, цифрландыру саласындағы бірыңғай тәсілдер айқындалады, — деді Әлихан Смайылов.

Ал Әділет министрі Азамат Есқараевтың баяндауынша, келесі жылы цифрлық технологияларды, әлеуметтік саланы, зияткерлік меншік институтын, инновациялық қызметті, ғарыш саласын және т.б. дамытуға бағытталған заң жобаларын әзірлеу жоспарланып отыр.

Бұл ретте 2 құжат – Цифрлық кодекс және нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы заң жобасы бұрын реттелмеген қоғамдық қатынастарды регламенттеуге бағытталатын болады.

Мәселен, Цифрлық кодекс үздік әлемдік тәжірибе талаптарына сай және осы саладағы нарықтың қажеттіліктері мен азаматтардың мүдделерін ескеретін заманауи құқықтық база құруды көздейді.

Өз кезегінде нысаналы капитал қорлары туралы заң жобасы уақыт талаптарына сәйкес білім мен ғылымды дамытуға және университеттерді тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етуге бағытталған.

Бірқатар заң жобасы Құқықтық саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасынан шығып отыр.

Сондай-ақ мұның жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіруге қатысы бар.

Сонымен қатар қылмыстық жолмен түскен кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобасын әзірлеу Қаржылық мониторингті дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасынан шығып отыр.

Қорытындылай келе, Премьер-Министр Үкімет Аппаратына жоспардың жобасын Мемлекет басшысының келісуіне енгізуді тапсырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары