2024 жылы 55 жастан шартты түрде зейнетке яғни арнаулы төлем алу құқығына 37 мың адам ие болады.
Келер жылдан бастап денсаулығына зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін 37 мың жұмысшыға арнаулы әлеуметтік төлем төленбек. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы
Жалпы елімізде 1400 кәсіпорын бар. Олар арнаулы әлеуметтік төлем төлейтін болады. 2024 жылы 55 жастан шартты түрде зейнетке яғни арнаулы төлем алу құқығына 37 мың адам ие болады. Олар денсаулығына зиянды орындарда жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі – тау-кен және өнеркәсіп қызметкерлері, – деді министрдің орынбасары.
Вице-министрінің айтуынша, жұмыс берушілерде денсаулығына зиянды орындарда еңбек ететіндердің тізімі бар. Мәселен, жұмыс беруші заң бойынша оларға жалақының үстінен төлем төлеуге, жұмыс уақытын қысқарту мен қосымша еңбек демалысын беруге тиіс.
«Арселор Миттал Теміртау» компаниясын алсақ, компания қызметкерлерінің 83 пайызы зиянды жағдайда жұмыс істейді, – деді Ақмәди Сарбасов.
Вице-министрдің сөзіне сенсек, арнаулы төлемнің орташа мөлшері – 200 мың теңге.
Мысалы, қызметкерлердің табысын ескеріп, жеке алайық. Оларда жоғары еңбекақы төлеуді көздейтін еңбек кепілдігі бар. Бұл жағдайды (арнаулы әлеуметтік төлемнің) мөлшері 300 – 400 мың теңгеден жоғары болуы мүмкін. Егер кәсіби еңбекке қабілетінен айырылды деп алсақ, әрине, оған қосымша төлем мөлшері қосылады: әлеуметтік сақтандыру қоры, сондай-ақ өмірді сақтандыру компаниясы тарапынан, – деді вице-министр.