$ 494.87  520.65  4.91

Ұлытауда дүниеге келген 20 миллионыншы азаматтың әкесі 20 жаста

Мүмкін 21-ші миллионды да босанатын шығармын.

Фото: Жезқазған қаласы әкімдігі
Фото: Жезқазған қаласы әкімдігі

Ұлытау облысында дүниеге келген 20 миллионыншы сәбиді өңір басшылары құттықтады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

20 миллионыншы тұрғын 20-шы аймақта дүниеге келді. Халық саны аз Ұлытау облысы үшін бұл — үлкен қуаныш.

Томирис Сұңғатқызы Ақылбек ресми түрде 20 миллионыншы қазақстандық ретінде тіркелді.

сәби

Фото: Жезқазған қаласы әкімдігі

Сәби 14 қараша сағат 08:10–да салмағы 3 кг және бойы 49 см болып туды. Бала уақытында, 41 аптада дүниеге келген. Ана мен баланың жағдайы жақсы.

20 млн

Фото: Жезқазған қаласы әкімдігі

«20 миллионшы тұрғынды дүниеге әкелем деп ойламадым. Маған кішкентайымды аман-есен босануға көмектескен дәрігерлерге үлкен рахмет. Біз үшін ең бастысы, қызым сау болып туды. Көпбалалы ана болғым келеді. Мүмкін 21-ші миллионды да босанатын шығармын», — дейді жас ана Әйгерім Молдашева.

20 миллионыншы қазақстандықтың кіндігін кесу бақыты 38 жылдық тәжірибесі бар акушер-гинеколог Әнжан Баймағамбетоваға бұйырды.

20 млн тұрғын

Фото: Жезқазған қаласы әкімдігі

«Бәрі ойдағыдай өтті. Осындай оқиғалардың көбірек болуын тілеймін. Біздің азаматтарымыздың саны өсе берсін. Біздің облыста еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны дүниеге келгеніне өте қуаныштымыз», — дейді акушер-гинеколог Әнжан Баймағамбетова.

Томирис — Сейтжановтар отбасындағы алғашқы немере. Сондықтан Томиристің әжесі дүниеге келген кезде келінінің жанында болған.

20 млн

Фото: Жезқазған қаласы әкімдігі

Ол босануға жәрдемдесіп, көптен күткен немересін алғашқылардың бірі болып қолына алған.

«Бұл — біздің бірінші немереміз. Қуаныштан жүрегіміз жарылып кетердей болып тұр. Ержүрек қыз және өз халқының адал азаматы болсын деген ниетпен есімін Томирис деп қойдық», — дейді Томиристің әжесі Гүлзат Куманова.

20 млн

Фото: Жезқазған қаласы әкімдігі

Сұңғат Сейтжан қызының дүниеге келгенін жұмыстан келгенде бір-ақ білген. Жас әке «Қазақмыс» корпорациясында өрт сөндіруші болып жұмыс істейді.

Жас әке дейтініміз ол 20-ға енді ғана толған.

«Тіпті бейтаныс адамдар қоңырау шалып, құттықтап жатыр. Бәріне рахмет. Біріншіден, бұл — Алланың қалауы. Екіншіден, қызымның дүниеге келуіне көмектескені үшін дәрігерлерге рахмет. Ата-анам бізден қатты қуанып жатыр десем болады. Мен әлі толықтай сезінген жоқпын. Жұмыстан келгенде ғана жұбайымның босанғанын естідім. Жас жігіттерге ерте үйленуге кеңес беремін. Балаңызбен бірге өскен керемет», — дейді жас әке Сұңғат Сейтжан.

Осындай атаулы оқиғаның құрметіне облыс басшылығы жас отбасына сыйлық табыстады, ал Отбасы банкі 2 млн теңгеге сертификат берді.

Сондай-ақ, Жезқазған әкімі дәл осы күні босанған 10 жас ананы құттықтап, бағалы сыйлықпен қуантты.

20 млн тұрғын

Фото: Жезқазған қаласы әкімдігі

Айта кету керек, Ұлытау облысында туу көрсеткіші артып келеді. Жыл басынан бері аймақта 3000-нан астам бала дүниеге келген. 

Дереккөз: Kazinform

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары