Алматы қаласында өзін банк қызметкерімін деп таныстырған көрші елдің азаматы тұрғындардан 35 млн теңге ақша жымқырған.
Теміртау қаласының тұрғыны вирусты бағдарламаларды пайдалану арқылы мекемеден 63 млн теңге ақша жымқырған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы Қарағанды облыстық полиция департаменті мәлімдеді.
Қарағанды қаласында алаяқтың құрбаны болған жәбірленушіден жауап алу барысында ол: “Мен алаяқтардың қандай тәсілдермен азаматтарды алдайтынынан хабардар болдым. Бұл туралы бірнеше рет телеарналардан да ақпараттар берілді. Алайда бұның маған қатысы болмайды деп ойладым”, – деді. Қазіргі уақытта республика бойынша телефон және интернет-алаяқтығының алдын алу іс-шара өткізілуде.
Мысалы, Қарағанды қалалық полиция басқармасының “Киберпол” қызметкерлерімен қаладағы мекемелердің біріне хакерлік шабуыл жасаған Теміртау қаласының тұрғыны ұсталды. Ол вирусты бағдарламаларды пайдалану арқылы мекемеден 63 млн теңге ақша жымқырған. Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр, – деді Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.
Сондай-ақ спикердің айтуынша, Теміртау қалалық полиция басқармасының қызметкерлерімен өздерін полиция қызметкеріміз деп таныстырып, жалған қызметтік куәлік көрсетіп, елді алдаған алаяқтар тобы ұсталған. Күдіктілер тұрғындарға 7 млн теңге көлемінде шығын келтірген. Олар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар қарағандылық полицейлер Алматы қаласында көршілес елдің азаматын ұстады. Ол өзін банк қызметкерімін деп таныстырып, тұрғындардан 35 млн теңге ақша жымқырған. Күдікті қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Егер сіздерге банк немесе полиция қызметкеріміз деп хабарласса, бірден телефон тұтқасын қойып, банктің жедел желісіне не болмаса 102 телефонына қоңырау соғыңыздар. Сақ болыңыздар, – деді Әбіл Әбілдин.