$ 495.2  522.34  4.94

«Шантаж болып жатыр»: Алматы облысында 9 жасар қызды белгісіз біреу зорлап кеткен

Болжам бойынша, бетіне бетперде тағып қап-қара киінген ер адам осы үйдегі қызды ұйықтап жатқан жерінен көтеріп алып кетеді. Жуынатын жерге кіргізіп, ойына келгенін істеген.

 

Фото: видеодағы кадрдан алынды
Фото: видеодағы кадрдан алынды

Алматы облысының Сауыншы ауылында зорланған 9 жасар қыздың анасы сұмдықтың қалай болғанын баяндады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

КТК арнасының хабарлауынша, әлдекім таңға жуық жеткіншекті алып қашып, даладағы жуынатын жерде жәбір көрсеткен. Қызға бұл әрекетті жасаған кім екені де белгісіз. Бірақ осы оқиғадан кейін өре түрегелген Сауыншы тұрғындары қаршадай қызды қорлаған ер адамның алыстан келмегеніне сенімді.

Сұмдық осы айдың 12-сі Сауыншы ауылында болған. Болжам бойынша, бетіне бетперде тағып қап-қара киінген ер адам осы үйдегі қызды ұйықтап жатқан жерінен көтеріп алып кетеді. Жуынатын жерге кіргізіп, ойына келгенін істеген.

Құшағынан құтылып шыққан қыз үйіне қарай қашып үлгеріпті. Сөйтіп шырт ұйқыда жатқан анасына алдына қанжоса болып келген.

Таңғы бесте келіп оятып тұр. «Мені бір аға алып қашып кетті» деп. Ішіне зақым келген, жарылып кеткен деді. Негізінде мен түнде есіктерді өзім жабамын. Өзі шығып кетті деп ойлаймын. Өйткені мен білемін ғой, анық-қанығын. Өзім жаптым есікті түнде, – дейді қыздың анасы.

Зәбір көрген қыз – отбасындағы ортаншы бала. Анасы әжесімен бірге үш баланы өздері бағып-қағып отыр. Сауыншы ауылына осыдан 4-5 жыл бұрын көшіп келіпті. Сөздерінше, қорлық көрсеткен ер адам сырттан келген. Алайда осы оқиғадан кейін өре түрегелген ауыл тұрғындары мүлде басқа пікірде.

Күдіктенемін, өздерінің ішінен деп ойлаймын. Себебі, мені өздерінің туысқандарының ішінен қатты шантаж жасады. Егер тілшілерді шақыратын болсаңыз, «үйтіп кетем, бүйтіп кетем» деген шантаж көп болып жатыр. Өзінің үйіне келіп жүрген адам істейді. Басқа адам істемейді. Себебі оның үйінде сондай нәрселер болды деп көп естідім, – дейді ауыл тұрғындарының бірі Нұрсұлу Өсерова.

Үйіне ұсталары келеді. Ішеді анда-санда. Әжесі ішеді. Сол күні таңертең әжесі кірді «Осындай жағдай болды бізде» деп. Сосын мен де айттым «Біздің дәлізде біреу темекі шегіпті» деп. Дәлізімнің есігі ілінбейді. Кіріп, темекісін шегіп кеткен, – дейді тағы бір көршілері Нарғыз Момбекова. 

Шу шығарған тұрғындар ерсі қылық танытқан ер адамның әлі күнге дейін неліктен ұсталмай жатқанын түсінбей отыр. Жұрт полицейлерге ренжулі.

Сол күні полиция екі күн ғана келді. Одан кейін келген де жоқ, сұраған да жоқ, іздеген де жоқ. Қазір қыз, ұл деп қарап жатқан жоқ. Соның бәріне заң шығарсын. Әлде міндетті түрде министрдің, басшының қыздары зорлануы керек пе? Бұл деген сұмдық! Балаларымызды көшеге, дүкенге жібере алмай қалдық, – дейді ауыл тұрғыны Айжұлдыз Күзібаева.

Нақты не болғанын білу үшін геномдық сараптама тағайындалған. Қорытындысы әлі шықпады. Сондықтан күдікті де әзірге жоқ дейді полицейлер.

12 қараша күні Қарасай ауданы ПБ-ға Сауыншы ауылының 32 жастағы тұрғыны сол күні таңғы сағат бесте жас қызына қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасаған белгісіз адамға қатысты шара қабылдау туралы арызданды. Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігі бойынша аудандық полицияда тіркелді. Қазір қылмыстың барлық мән-жайы тергеуде, оның жан-жақтылығын, толықтығын және объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында сараптама, тексерулер тағайындаумен тергеу жүріп жатыр, – дейді Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайділдин.

Белгісіз біреудің анайы әрекетінен кейін 4-сынып оқушысы бір апта ауруханада жатқан. Қазір үйінде. Жағдайы оңалыпты. Енді анасы да, ауыл тұрғындары да полицейлерден қаскөйдің тездетіп құрықталуын талап етіп отыр. Балаларына алаңдаған жұрт күдікті ұсталғанға дейін тәртіп сақшыларының күн-түнге қарамай ауылды күзетуін сұрап отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары