$ 494.87  520.65  4.91

Кітап шығарудың кілті мен кілтипаны

Баспагерлер қоғам сұранысын зерттеуі керек

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Біздің елде кітап шығаруға көңіл қаншалықты бөлінеді? Отандық баспалардың жағдайын мемлекеттік тендерден бөлек, тағы қандай жолдармен жақсартуға болады?

Баспаның экономикалық қуатын арттыру үшін баспагер қандай болуы керек? Баспагердің қоғам алдындағы жауапкершілігі мен оның мәртебесін көтерудің жолдары қандай? Сол сауалдарға жауап іздеп көрсек...

1.Баспагерлер қоғам сұранысын зерттеуі керек...

Интернет желісінің кеңінен тарауына байланысты «жастар кітап қазір оқи ма?» деген сауал көптен талқыға түсіп келеді. Осы тұрғыдан алғанда баспагерлер кез келген кітапты шығармас бұрын қоғамды зерттеуі керек. Біз тек шығармашылық тұлғалармен ғана жұмыс істемей, өзімізді заманға қарай бейімдеп, маркетолог бола білуіміз керек.

Мәселен, шетелде оқырманға қандай кітап керектігін ортаны, қоғамды зерттеп барып шешеді. Бұндай зерделеу бізге де керек. Екіншіден, дизайнға көп көңіл бөлген жөн. Кітаптың сырты қаншалықты әдемі болған сайын, ол соншалықты өтімді болады. Үшіншіден, кітапты сату мәселесі. Кеңес Одағы кезінде еліміздің тең жарымына жуығы кітап оқыған. Тіпті түпкірдегі ауылдардың өзіне кітап жететін болған. Ал қазір көркем әдебиет тұрмақ мектеп оқулықтарының өзі жетпей жатады.

Баспалар кітап шығармай жатқан жоқ. Тарату жолдары қарастырылмаған. Бізде ор-талықтандырылған дүкендер жоқ. Әрбір облыс, тіпті әрбір аудан орталықтарында мұндай дүкендер болуы керек. Осындай кітап дүкендерінде тек бір баспаның ғана емес, барлық Қазақстан баспаларының кітаптары ұсынылуы әрі тиімді бағамен сатылуы тиіс.

Оқырманды тарту үшін кітаптың жарнамасы да маңызды. Шалғайдағы ауылдардың өзі қандай кітап шығып жатқанынан хабардар болмақ керек. Міне, осы мәселелер баспагерлерге сын. Себебі кітап шыққаннан кейін оқырманның қолына тиетіндей мүмкіндік жасауымыз керек.

2.Отандық өнім өзімізде болса

Қазіргі жастар қазақтың салт-санасын, әдет-ғұрпын ұмытып бара жатыр. Осы бағыттағы кітаптар шығару – баспаның басты мақсаты. Ол кітаптардың мазмұнын «Наурыз тойы», «Үйлену тойы», «Жігіттің үш жұрты» дегендей атынан-ақ білуге болады. Қазір ағайындық атауларды білмейтін жасөспірімдер өсіп келеді. Бөленің не екенін, үш жұрттың не екенін, бажа мен бөлені шатастыратын, қаланың балалары бар. Туыстың бәрі бір емес қой. Сол сияқты, оның сыртында патриоттық рухтағы кітаптар шығарамыз. Балабақшаға оқу құралын шығардық.

Үй салатын адам шатырынан бастамайды, алдымен іргетасын қалайды ғой. Балаларға тілді үйрету үшін оның оқу құралы, әдістемесі керек. Олар 5-6 жастан тіл сындырып, қазақтың салт-дәстүрін біліп өсуі керек. 3-5 жастың аралығында баланың санасына қонған нәрсе мәңгілік білім болып есептеледі деген ғалымдар дәлелдеген қағида бар. Ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Оқитын балалар бар. Кітапханаларда кездесу өткізіп жүреміз. Кітап жәрмеңкелерінен көреміз. Іздеп, сұрап жүретін балалар көп. Соған қарап кітапты шығара бергің келеді.

Мәселен, қазір тендер деген бар. Ол – алаяқтықтың, жемқорлықтың жасырын бір түрі. Сондықтан балалар әдебиетіне, балалар оқулығына тендерді жеке өткізу керек. Себебі ол том-том кітаптың арасына кіреді де, солардың тасасында қалып қояды. Содан кейін мемлекеттік тапсырыспен жылына бір, екі кітап шығады.

Бізге «неге ресейдікіндей кітап шығармайсыңдар?» дейді. Ресей сияқты әр облыс орталығында кітап зауытымыз, кітапқа қажет бұйымдар шығаратын өндірісіміз жоқ. Қағаздың өзін сатып аламыз. Қазір доллардың бағасы өсіп кетті. Тауар долларға сатылады. Ресейде қағаз өзінікі, бояу өзінікі. Сосын қалай көркемдесе де, оларға он есе арзан түседі. Міне, осындай жәйттарға көңіл бөлінсе дейміз. Сондықтан бояу шығаратын, қағаз өңдейтін отандық кәсіпорындар салынса, түйткіл ептеп тарқар еді.

Назым Сапар  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары