Бәсекеде 42 елден келген 179 үздік мерген бақ сынап жатыр.
Әсем Орынбай Қатар мемлекетінің астанасы Дохада өтіп жатқан нысана көздеуден Әлем Кубогының финалында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Posports.kz-ке сілтеме жасап.
Ұлттық құрама спортшысы стенд атудың скит бағдарламасында ақтық сынға шығып, 51 балл жинады. Кьяра Ди Марциантонио (Италия) 50 нысана дәл көздеп күміс жүлдеге ие болса, қола медаль Дания Джо Виццидің (АҚШ) еншісінде. Бұл сында 3 дүркін Олимпиада чемпионы Кимберли Роуд (АҚШ) жүлдеге бір табан жетпей тоқтады (34 ұпай).
Айта кетейік, кеше Әсем алғашқы іріктеуден кейін 72 ұпаймен көш басына шыққан, ал бүгін 44 балл алып, финалға 6-орынмен (116 ұпай) жолдама алды. Қазақ мергені қазір ISSF рейтингінде 7-орында келе жатыр.
«Өте бақыттымын. Бүгін күн райы қолайлы болды деп айта алмаймын. Сәт сайын жел тұрып, «тосын сый» жасап жатты. Соған қарамастан үздік шықтым. Бұл осы маусымдағы соңғы жарыс. Бар ойым лайықты өнер көрсету болды»,-деп айтты Әсем Орынбай финалдан кейін Халықаралық нысана көздеу федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Биылғы маусымда Әсем Орынбай әр жарыста тұрақты өнер көрсетіп, бірнеше рет тұғыр биігіне көтерілді. Атап айтар болсақ, мамырда Алматыда өткен рейтингтік Әлем Кубогында жекелей сында топ жарып, ізін ала әріптесі Эдуард Ещенкомен бірлесіп күміс жүлдегер атанды. Сосын, жазда Лонатодағы (Италия) Әлем Кубогында аралас жұптар арасында (Эдуард Ещенкомен) 3-орын алған.
Халықаралық нысана көздеу федерациясы (ISSF) мұндай финалды араға 4 жыл салып ұйымдастырып отыр. Бәсекеде 42 елден келген 179 үздік мерген бақ сынап жатыр.