24.11.2023, 14:40

Психолог Ержан Мырзабаев зорлық-зомбылыққа қарсы Заңның қабылданбау себебін айтты

Фото: instagram/yerzhan.myrzabayev

Үш-төрт әйелмен тұрып жатқан депутат ешқашан әйелдің құқығын қорғайтын заң қабылдамайды.

 

Танымал отбасылық психолог, Ержан Мырзабаев «Халық үні» порталына сұхбат беріп, зорлық-зомбылыққа қатысты ойын айтты, деп хабарлайды    Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, қоғам зорлық-зомбылықтың қандай түрін болса да ақтамауы керек. 

Неге солай болды екен деп түсіндіріп жатқан кезде, автоматты түрде ақтап алып жатамыз. Травмасы бар екен ғой, стресске түсіп қалыпты ғой, қызметінен айырылып қалыпты ғой, бәсе сол үшін әйелін ұрып тастапты ғой дейміз. Қандай жағдай болсын, ер-азамат істеген ісіне жауап береді. Зорлық-зомбылықтың ешқандай түрін қоғамда ақтамауымыз керек. Ақтап жатқан адамдардың 99 пайызы зорлық-зомбылық жасап жүрген адамдар. Өйткені олар соны істеп жатқан адамдар, соны істегендіктен, таяқтың ұшы өздеріне тимесін деп, ақталу әрекеттерін жасайды, - деді психолог.

Сонымен қатар ол, зорлық-зомбылыққа қатысты Заңның қабылданбау себебін де айтқан. 

Неге ұзақ уақыттан бері бізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң қабылданбай жатыр? Өйткені, депутаттардың басым көпшілігі ер-азаматтар. Ешкім өзіне қарсы заң қабылдағысы келмейді. Қазіргі таңда бар ма, жоқ па білмеймін. Бірақ жақында ғана, алдыңғы съездің өзінде депутаттардың өзінде 3-4 әйелі бар депутаттар болған. Оны бәрі біледі... Үш-төрт әйелмен тұрып жатқан депутат ешқашан әйелдің құқығын қорғайтын заң қабылдамайды. Соған сәйкес жұмыс істеп, әрекет етпейді.