19.12.2023, 09:40

Бүгін Құдайберген Жұбановтың туған күні

Фото: news.arsu.kz

1938 жылы «халық жауы» деген жаламен атылып, 1957 жылы КСРО Жоғарғы Соты Соғыс коллегиясының үкімімен ақталды.

Осыдан 124 жыл бұрын (1899-1938) қазақ тілі білімінің негізін қалаушылардың бірі, түркітанушы, педагог-ағартушы, профессор Құдайберген Қуанұлы ЖҰБАНОВ дүниеге келді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ақтөбе облысы Темір ауданында туған. Електегі (Орынбор облысы) екі кластық орыс училищесін, Орынбордағы «Хусайния» медресесін, Санкт-Петербург Шығыстану институтының толық курсын, КСРО Ғылым академиясы Тіл білімі институты аспирантурасын бітірген. Темір қаласындағы уездік оқу бөлімінің, Ақтөбе губерниялық оқу бөлімінде нұсқаушы-әдіскер және педтехникумының оқытушысы, Қазақ КСР Оқу халық комиссариатының ғылыми және оқу-әдістеме кеңесінің төрағасы, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, КСРО Ғылым академиясының Қазақстан бөлімшесінің сектор меңгерушісі, мемлекеттік Терминком төрағасы қызметтерін атқарған.

Жұбановтың тіл білімі бойынша жазған еңбектері қазақ әліпбиі мен орфографиясы мәселелеріне арналған. «Көмекші етістіктер мен күрделі етістіктер», «Қазақ тіліндегі біріккен сөздердің жасалуы», «Қазақ тілінің ғылыми грамматикасының материалдары», «Фонетика», «Қазақ тілінің ғылыми курсы жөнінен лекциялар», «Қазақ тілі фонетикасының тарихын зерттеуге кіріспе», «Қазақ сөйлеміндегі сөздердің орын тәртібі», «Жаңа грамматиканың жаңалықтары жайынан», «Буын жігін қалай ажыратуға болады», т. б. еңбектері — қазақ тіл білімі теориясын жасау және оны дамытуға қосылған үлкен үлес. Латын әліпбиіне негізделген қазақ орфографиясын жасауға қатысты. «Термин сөздердің өзіндік ерекшеліктері», «Қазақ әдеби тіл терминологиясының мәселелері» атты еңбектер жазды.

Республика халық ағарту комиссариатының коллегия мүшесі, КСРО ҒА Қазақстан бөлімшесі төралқасының, бірнеше ғылыми кеңестер мен қоғамдардың мүшесі болған. Халық ағарту ісіндегі еңбегі үшін «Қазақстанның 15 жылдығы» белгісімен марапатталған. 1938 жылы «халық жауы» деген жаламен атылып, 1957 жылы КСРО Жоғарғы Соты Соғыс коллегиясының үкімімен ақталды.