«Ішкі істер министрлігіндегі «оборотень в погонах» қызметтік мансабын асыра пайдаланып, қыздарды зорлау фактісімен өздері ұсталып отыр», – деді Ринат Зайытов.
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов халықтың полиция қызметіне көп шағымданатынын жеткізді. Оның айтуынша, халық барар жер, басар тауы қалмаған соң, депутаттарға көмек сұрап жүгінеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ринат Зайытов депутаттық сауалын Бас прокурор Берік Асыловқа жолдады.
Қазақстан өз билігін күштік құрылымдарға пәрменді есірсін деп емес, ескерсін деп береді. Халықты қорласын деп емес, қорғасын деп береді! Сондықтан бүгінгі шұғыл сауал жолдауымыздың себебі – қарапайым халықтың үнін, мұң-мұқтажын, талап-арызын сіздерге жеткізудің соңғы амалы. Өйткені шарасыз халық депутаттарға соңғы инстация ретінде, басқа органдардан көмек болмаған соң ғана жүгінеді, – деді Ринат Зайытов.
Ринат Зайытов депутаттардың атына өңірлердегі күш құрылымдары қызметкерлерінің әрекетіне шағым жиі түсетінін жеткізді.
Оларға Алматы, Шымкент, Өскемен, Семей, Жаңаөзен және тағы басқа қалалардан түскен бірқатар шағымды жатқыза аламыз. Онда Ата заңымызбен бекітілген, адам және адамның өмірі, оның құқығы мен бостандығын қорғау сияқты айрықша құқыққа ие – күш құрылымы қызметкерлері өздерінің «жедел іздестіру іс-шараларын» жамылып, жеке мақсатта әрекет ететіндері мәлімделіп жатыр, – деді депутат.
Депутат айтқан сөзіне нақты мысалдар келтірді.
Шымкент қаласының тұрғыны, жалғыз басты ана – А.А. Мамаеваның және оның ұлы алаяққа тап болып, шамамамен 4 млн теңгесінен айырылған. Олар Шымкент қаласы Еңбекші ауданының полиция басқармасына арызданған. Өтініш иесінің айтуынша, құқық қорғау органдары қызметкерлерімен таныстығының арқасында, айыпталушының үстінен қозғалған қылмыстық іс, белгісіз себептермен бірнеше рет тоқтатылған. Содан кейін жәбірленуші мен оның ұлына ашық түрде қоқан-лоқы көрсетілген. 2021 жылдың тамызында қозғалған іс бүгінге дейін сотқа жетпеген. Сонымен қатар қоғамдық қабылдауға келген Өскемен қаласының тұрғыны З.А.Тотанованың арызына тоқталайын. Бұл жағдай тіптен ойға қонымсыз. Оның айтуынша, жәбірленушінің өзіне өңірдегі күш құрылымдарының қызметкерлері тірідей мәйіт қаздырып, азап көрсеткен. Осындай істі сотқа дейін жеткізбеу, не тіпті іс қозғамау, билігін асыра пайдалану және тағы да сол сияқты іс-әрекеттер туралы менің осындағы әріптестерім де айта алады. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігіндегі «оборотень в погонах» қызметтік мансабын асыра пайдаланып, қыздарды зорлау фактісімен өздері ұсталып отыр. Осы ретте бұларға сенім қайдан болсын?!, – деді Ринат Зайытов.
Депутат құзыретін қылмысты азайту үшін емес, табысын көбейту үшін пайдаланатын қызметкерлерге шара қолдануды айтып, Бас прокурордан көмек сұрады.
Осыған байланысты құқық қорғау саласындағы жекелеген бассыздықты жою үшін Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Ұлттық қауіпсіздік комитеті орталық аппараттарының өкілдерінен Тұрақты әрекет ету тобын құруды, аталған топқа қылмысы дәлелденген күштік құрылым қызметкерлерінің құзыретінде болған істерді қайта қарап, шын кінәлілерді анықтауды ұсынамыз, – деді депутат.