Оқ ату және стендтік ату – медальдар ең көп сарапқа салынатын спорт түрлерінің бірі.
Спорттық атудан Қазақстан құрамасының қоржынында Париж Олимпиадасына 3 лицензия бар. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың спорттық ату федерациясының басшылары мен жаттықтырушылар штабымен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Кездесуде аталған құраманың кейінгі ірі халықаралық турнирлердегі өнері қорытындыланып, Олимпиадаға дайындық жоспары таныстырылды.
Атап айтсақ, Қытайдағы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы стендтік атудан – 2 алтын және 3 қола, оқ ату бойынша – 1 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Сары құрлық додасында З.Ирназарова, командалық скит микстте Ә.Орынбай мен Э.Ещенко және әйелдер арасындағы командалық скитте З.Кравченко, Ә.Орынбай, О.Панарина топ жарды.
Оқ ату және стендтік ату – медальдар ең көп сарапқа салынатын спорт түрлерінің бірі. Ұлттық құраманың кейінгі жылдардағы нәтижелері елімізде спорттық атудың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Мергендердің Азия ойындарындағы жетістігі баршамызды қуантты. Өнімді жұмыс атқарылғаны көрініп тұр. Ең бастысы – сіздер бүкіл елдің үмітін ақтадыңыздар. Алда лицензиялық жарыстар мен 2024 жылғы жазғы Олимпиада күтіп тұр. Осы спорт түрін серік еткен команда көшбасшылары іріктеу сайыстарынан сәтті өтіп, төртжылдықтың басты додасында лайықты өнер көрсетеді деп үміттенеміз, - деді Ермек Маржықпаев.
Министрлік мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта спорттық атудан Қазақстан құрамасының қоржынында Париж Олимпиадасының 3 лицензиясы бар. 2024 жылға 4 лицензиялық турнир жоспарланған: 2 стендтік және 2 оқ ату бойынша. Демек, жолдамалар санын арттыруға мүмкіндік бар.