24.12.2023, 01:30

Ұшақтың апатты есігін ашқан жолаушы Алматы полициясына тапсырылды

Фото: Pixabay

Жолаушы шара қолдану үшін Ішкі істер министрлігі қызметкерлеріне тапсырылды

Ұшақтың апатты жағдайға арналған қосалқы есігін негізсіз ашқан жолаушы Алматы полициясына тапсырылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы  Кazinform-ға сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде жолаушы ұшақтың апаттық есігін өздігінен ашып жатқан видео таралып жатыр. Осыған байланысты Азаматтық авиация комитеті келесіні хабарлайды: 2023 жылғы 23 желтоқсанда «Шымкент – Алматы» бағыты бойынша FlyArystan әуе компаниясының КС7106 рейсі жергілікті уақыт бойынша сағат 01:19-да қонғаннан кейін жолаушы апаттық есікті ашты. Борт тексеріліп, ұшуларды орындауға рұқсат етілді. Жолаушы шара қолдану үшін Ішкі істер министрлігі қызметкерлеріне тапсырылды, - делінген Азаматтық авиация комитетінде.

Мәлім етілгендей, жағдайдың мән-жайын анықтау үшін Қазақстанның авиация әкімшілігі тиісті тексеру жүргізеді.

Тексеру есікті өз бетімен ашқан жолаушыға да, автотрап беруге жауапты әуежай қызметтеріне де қатысты жүргізілетін болады, - делінген ұсынылған хабарламада.