$ 494.87  520.65  4.91

СҚО-да әйелді сексуалдық құлдыққа сатып жіберген тұрғын сотталды

Биыл СҚО-да адам саудасымен байланысты қылмыстардың 11 фактісі тіркелді.

Фото: pixabay.com
Фото: pixabay.com

Солтүстік Қазақстан облысында бір әйелді сексуалдық құлдыққа сатып, тағы бір бойжеткенді мәжбүрлеп жезөкше еткен Ақмола облысының тұрғыны 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

СҚО прокуратурасының мәліметінше, жаһандық қылмыс ішінде адам саудасы есірткі мен қару-жарақ саудасынан кейін үшінші орында тұр.

Қазақстан географиялық орналасуына байланысты адам саудасының құрбандарын тасымалдауға ыңғайлы транзиттік пунктке айналды.

«Адамды сатып алу-сату немесе оған қатысты өзге де мәмiлелер жасасу, сол сияқты оны қанау не азғырып көндiру, тасымалдау, беру, жасыру, алу, сондай-ақ қанау мақсатында өзге де іс-әрекеттер жасау» – осы заңсыз әрекеттердің барлығы Қылмыстық кодекстің 128-бабын қамтиды.

Бұл қылмыс төрт жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды, дүние-мүлкін тәркілеуді көздейді. Көбіне мұндай қылмыстарды анықтау және ашу қиынға соғады, айтарлықтай психологиялық және физикалық зиян келтіреді, сондықтан кейде өз бетінше көмек сұрай алмайтындай халге жетеді, - дейді прокурорлар.

Биыл СҚО-да адам саудасымен байланысты қылмыстардың 11 фактісі тіркелді. Мәселен осы жылдың тамыз айында Петропавл соты Ақмола облысының тұрғынын алты жылға бас бостандығынан айырды, ол «клининг қызметтерін көрсетумен айналысасың» деп жас келіншекті алдап, оны сексуалдық құлдыққа сатып жіберген. Сондай-ақ ұрып-соғу және моральдық қысым көрсете отыра, 18 жастағы қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген.

СҚО прокуратурасы азаматтарды қырағы болуға, білім мен дайындықты қажет етпейтін, әсіресе шетелде жұмыс істеуге еліктіретін ұсыныстарды бірден құп алмауға, жұмыс берушінің адалдығына көз жеткізбей, жоғары ақы төленетін жұмыс туралы тиісті еңбек шартын жасамай, еңбек қатынастарына түспеуге шақырады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары