$ 494.87  520.65  4.91

«Ұлттық қор — балаларға» жобасынан шу шықты

Өз баласының орнына өзге біреудің тіркелгенін көріп таң қалғандар аз емес.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

«Ұлттық қор — балаларға» жобасына байланысты шу шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы КТК жаңалықтарына сілтеме жасап. 

«Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасымен ақша алатындардың нақты тізімі 15 қаңтарда жарияланады. Ал әзірге ата-аналар өз перзенті туралы мәліметтің дұрыс-бұрыстығын e-Gov электронды үкімет порталында тексеріп әлек. Өйткені кейбірі баласын тізімнен таппаса, деректер базасында өз баласының орнына бейтаныс адамдардың тіркелгенін көріп таң қалған. 

Былтырдан бері сүйіншілеткен жоба 1 қаңтардан бастап іске қосылды. Айдың ортасында жоба қаражатына дәмелі 7 миллион баланың нақты тізімі жарияланады. Осылайша ақпан айынан бастап кәмелетке толмаған балалардың шотына қордың инвестиция табысының елу пайызы түсіп отырады. Бұған дейін жауаптылар 18-ге толмаған балалардың деректерін eGov-тағы базадан бір тексеріп қою туралы құлаққағыс жасаған-ды. Дәл осы деректер қорына кіру барысында біраз қазақстандыққа қызықтың көкесі басталады. Өз баласының орнына өзге біреудің тіркелгенін көріп таң қалғандар аз емес. Әсіресе қазақстандықтар жеке сәйкестендіру нөмірінің оңды-солды интернетті кезіп жүргеніне наразы.

Құпиялықтың сақталмай, дербес деректердің ауысып жатқанынан «Ұлттық ақпараттық технология» Акционерлік қоғамы хабардар. Бар айтар уәжі — мәліметтің бәрі автоматты түрде сақылдап жұмыс істеуі үшін қызу жұмыс атқарылып жатыр екен. Дегенмен eGov порталында цифрлық құжаттар жаңылысқанымен, төлемді алуға барлық баланың таласы бар. Әрбір Қазақстан азаматы Ұлттық қордан өзіне тиесілі төлемді алатыны хақ.

«Түсетін ақша бәрібір түссе, eGov-ты аңдып неміз бар» деген заңды сауал көптің көкейінде жүр. Мамандар баланың жеке сәйкестіндіру нөмірін «баланы қосу» батырмасын басып платформаға енгізу арқылы шотқа түскен ақшаны бақылауға болады дейді.

Болжам бойынша, 2024 жылы туған баланың шотына 18 жылда 3 жарым мың АҚШ доллары жиналуы тиіс. Кәмелетке толғаннан кейін де шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады. Осы уақыт аралығында ақша кәдеге асырылмаса, азаматтың зейнетақы шотына аударылады. Балалар қаражатты білім алуға, тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана алады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары