$ 441.66  475.14  4.86

«Құда-жекжаты өріп жүр»: Ермұрат Бәпи Тимур Құлыбаевты сынады

«Оның ойы елдің мұнайын сатып, қалтасын толтыру. Спортты қайтсін?!»,  – деді Ермұрат Бәпи.

 

Фото: Мәжілістің Telegram желісіндегі ресми арнасынан
Фото: Мәжілістің Telegram желісіндегі ресми арнасынан

Парламент мәжілісінің жалпы отырысында депутат Ермұрат Бәпи Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы Тимур Құлыбаевты сынады. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы мәжілістің Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ермұрат Бәпидің айтуынша, Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті қызметіне Тимур Құлыбаев келгелі елдің спорттағы жетістіктері құлдырай бастаған.

«Токиодағы соңғы жазғы Олимпиада ойындарында біздің спортшылар бірде-бір алтын немесе күміс медаль алған жоқ, тек 8 қола медальмен қайтты. Ал медальдық есепте біздің еліміз 83-орынға бір-ақ түсті. 1994 жылдан 2014 жылға дейінгі жазғы Азия ойындарында қазақстандық спортшылар тұрақты түрде 4 немесе 5-орын алып келген еді. 2018 жылы біз 9-орынға, ал 2023 жылы 11-орынға түстік, — деді депутат.

Депутат осы жылы өтетін Париж Олимпиадасында да Қазақстан құрамасы жақсы көрсеткішке жете алмауы мүмкін екенін айтты.

Оның айтуынша, Париждегі дода біздің құрамамыз дербес ел ретінде қатысатын сегізінші Олимпиада ойындары болмақ.

«Осы тәуелсіздік жылдарында біздің спортшылар 11 спорт түрінен 14 алтын, 22 күміс және 35 қола медаль жеңіп алды. 1996 жылдан 2016 жылға дейін Қазақстан барлық жазғы Олимпиада ойындарында ешқашан алтынсыз қалмай, әлемдегі үздік 40 елдің қатарынан түспеді. Бұл ретте, елімізде футболдың біршама қарқынды дамып жатқанын атап өткен жөн. Ел президентінің өзі ұлттық құрама ойынына қолдау көрсету үшін, соңғы кездері футболға арнайы барып жүр, — деді депутат.

Ермұрат Бәпи Тимур Құлыбаев келгелі Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылығына кілең «Ескі Қазақстанның» өкілдері іріктеліп алынғанын айтты.

«Оның ішінде, бір-біріне айнымас құда-жекжаттар мен миллиардер күйеудің олигарх-достары өріп жүр. Сонымен қатар Комитетке мүше болып сайлануға 70 жастық шектеу белгіленген. Қазіргі мүшелердің ішінен бұл шектеуден өтіп кеткендер де, күні ертең толайын деп отырғандар да бар. Ұлттық Олимпиада комитеті басқарушы органының осындай шал-шауқандар құрамымен қандай жеңіске жетуге болады? Оның үстіне, баршаға мәлім, Тимур Құлыбаев Қазақстанның ең ірі 50 жеке бизнесі қатарына кіретін компаниялардың активтерін иелене отырып, бірқатар ірі бизнес жобаларды бақылайды. Оның ішінде: «АЛМЭКС» Холдингтік тобы, «Каспий Мұнай» және «Retro Retail» мұнай компаниялары бар. Мұндай шамадан тыс жүктемемен оның олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға мүлдем уақыты жоқ деуге болады! Оның ойы елдің мұнайын сатып, қалтасын толтыру. Спортты қайтсін?!,  – деді Ермұрат Бәпи.

Мәжілісменнің сөзінше, Ұлттық Олимпиада комитетінің жұмысында «Әділетті Қазақстан» бағытында трансформация әлі де жүріп жатқан жоқ.

 «Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет Ұлттық Олимпиада комитеті мен федерациялар арасында тиісті үйлестірудің жоқтығын атап өтті. Тиімді қарым-қатынастың, өзара әрекеттестіктің, өзара көмектің болмауы теріс нәтижелерге, жеңіліске алып келеді. Париж Олимпиадасы қарсаңында мұндай жағдайға мүлдем жол берілмеуі тиіс! Ұлттық Олимпиада комитетіне түбегейлі өзгерістер керек, – деді Ермұрат Бәпи.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 4
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары