$ 487.37  532.94  5.09

Мамания мектебінің алғашқы ұстазы Мәкей Еркінбеков туралы

Мамания мектебі – Жетісу өңірінің тұңғыш білім ордасы.

Фото: aqiqat.kazgazeta.kz
Фото: aqiqat.kazgazeta.kz

1899 жылы бой көтерген Мамания мектебі – Жетісу өңірінің тұңғыш білім ордасы екені белгілі. Сол мектепте ұстаздық қызмет атқарған Мәкей Еркінбеков туралы біріміз білсек, біріміз білмейміз. Ол кісі ұстаздықтан бөлек, ашаршылық жылдарында жүз елуден астам жетім баланы бауырына басып, аман алып қалған ел жанашыры. Және алаш ардақтысы Ілияс Жансүгіровтың досы. Екеуі де арынды өзен Ақсудың жағасында туған замандастар. Ілияс елге келгенде Мәкейді ертіп, Мұзбұлақтың тауына шығатын көрінеді… Оңашада бір-біріне жырларын оқып, сыр шертісетін болған. Тіпті, Ілиястың атақты «Жетісу суреттерінің» жазылуына да осы Мәкей ата ықпал еткен деседі. Сонда жыр құлагерінің сырлас-досына, рухани демеушісіне айналған Мәкей Еркінбеков кім?

Латын әліпбиінде өз қолымен жазған өмірбаяны бойынша, ол кісі 1895 жылы Ақсудағы Көлденең ауы­лында дүниеге келген. Руы – Тө­ре. 1905 жылы Қапалда ашылған жеті жылдық Татар мектебінде оқ­ып, оны 1911 жылы бітіреді.

Сол жыл­дан бастап 1918 жылға дейін өз ауылында бала оқытып, тәрбие­лей­ді. Осы еңбегі үшін жылына 60 сом айлық алып тұрғанын да жазады.
Әкесі Еркімбек 1850 жылы Қа­мы­смолада туған. Ал одан әрі те­гіне бойласақ, Мәкей Еркінбеков – қазақ хандығының қазығын қаққан Жәнібек ханның тікелей ұрпағы. Бұл тұрғыда, ұрпақ­та­рының қолындағы шежіреге сүйенсек:

Жәнібек ханнан – Жәдік хан – Шығай хан – Қайнаркөшек – Саңқай – Құдайменде –Тұрсын­хан. Ал Тұрсынхан Мәкейдің сегізінші атасы.

«1918 ден 1920 жылға дейін Же­ті­су майданындағы қызыл армия құрушының мекемелерінде мал­шы­лардың бастығы болып қызмет істедім. 1920 жылдар Мо­билизация­ландыру жөнімен қай­тадан ағарту жұмысына алындым. Сол уақыттан бері үздіксіз ағарту жұмысында істеп келемін», – деп жазады Мәкей Еркінбеков.

Сөйтіп, 1922-1930 жылдары Тал­­дықорған уезінің білім бөлі­мінде қызмет етеді. Ал 1924-1926 жыл­дары жергілікті оқу ағарту бөлімін басқарған тұста мектеп жанынан балалар үйін ашып, ашаршылықтан аман қалған жетім балаларды жи­нап бағады. Мәкей атаның көзін көр­ген Тамара Мүфтиханқызының ай­туынша, ол кісі өте салмақты адам болған. Үкімет адамы болған­дықтан, балаларды аман алып қалуға барлық жағдай жасаған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары