$ 494.87  520.65  4.91

Ұлытауда ұлттық саябақ құрылады

Қарағанды облысында Ұлытау ұлттық табиғи саябағын құру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Бұл туралы Қазақстан ұлттық географиялық қоғамының Ұлытау өңірі бойынша экспедициясының басталуына арналған баспасөз мәслихатында экспедиция жетекшісі, ҚҰГҚ халықаралық және ғылыми жобалар бөлімінің аға менеджері Сәулет Сәкенов мәлім етті.

Кешенді экспедиция 11-22 тамыз аралығында өтеді. Оған тарихшы-археологтер, географ-сарапшылар, биологтер, ботаниктер, туризм саласы мамандары, СТВ телеарнасы мен Massaget.kz порталының журналистері қатысады. «Бұл таулар - қазақ эпосының бесігі, осы жерлерде хандар сайланып, осы жерде одақтар құрылған, осында жаудан жасырынған. Мұнда хандар орда тігіп, үлкен жорықтарды осы жерден бастаған, Ұлытау Алаша хан, Жошы, Домбауыл, Едіге, Тоқтамыс хандардың мәңгілік мекеніне айналды. Ұлытау жері ежелгі көшпенділерге қару-жарақ пен құрал-сайманға қажетті металдарды берді, мыңғырған малға жайлау болды. Бұл жерде жүздеген буын ұрпақтың жұмбағы жатыр, мұндағы қорғандар ғұн дәуірінен қалған», делінген ҚҰГҚ баспасөз парағында.

Экспедицияның мақсаты - Ұлытаудың мәдени-тарихи, рухани мұрасын жаңғырту, танымал ету, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал жасау. Сонымен бірге, зерттеушілер Ұлытау аумағында ұлттық саябақ құруға ықпал етуді көздейді. «Әрине, бұл екі күнде бітетін жұмыс емес. Біз өкінішке қарай көп уақыт алатын барлық әкімшілік бюрократиялық жұмыстарды жүргізуіміз қажет: келісу, Үкіметтің қаулысын алу, заң шығару, тағы басқа», дейді экспедиция жетекшісі Сәулет Сәкенов.

Ол келешекте Қазақстан ұлттық географиялық қоғамының осы тарихи ескерткіштерге бай өңірде туризмді дамытуды жоспарлап отырғанын айтты.

Саяхатқа пилотсыз аппарат операторлары да экспедицияға қатысады. Олар өңірді карталандыру, биіктен түсіру, жаңа археологиялық нысандарды іздеу, археологиялық нысан келбеттерін модельдеу жөніндегі жұмыстарды атқарады. Экспедиция шеңберінде Ұлытау ұлттық саябағын құруға қажетті институционалдық және сараптамалық қолдау жасау, өңірдің тарихи-мәдени ескерткіштеріне туристік бағыттар, соның ішінде, GPS-бағыт құру көзделіп отыр. Туристік нысандардың барлығында түсірілген фотосуреттер Интернеттегі Panoramiсo және GoogleMaps (Places) ресурстарына орналастырылады. Ғалымдар туристер үшін Ұлытау өңірінің карта-схемасын жасағалы отыр.

Экспедицияның нәтижесінде деректі фильм түсіріледі. Өңірдің тарихы мен тарихи-мәдени ескерткіштері сипатталатын кітап-альбом да шығарылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары