$ 494.87  520.65  4.91

Тарихшы: Кеудешемізге Елтаңбамыздың суретін салғызып, неге киіп жүрмеске?

Мүмкін осы үш рәмізді үш бөлек атап өту керек шығар?

Фото: Зәуре Қартованың фейзбуктегі ресми парақшасынан
Фото: Зәуре Қартованың фейзбуктегі ресми парақшасынан

М.Қозыбаев атындағы СҚУ тарих, экономика және құқық факультетінің деканы Зәуре Қартова «Жаңа Адамдар» қозғалысының жасаған сауалнамасына қатысты өз көзқарасын білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

«Жаңа Адамдар» жастар қозғалысы жүргізген сауалнама нәтижесін естіп, біртүрлі ойланып қалдық. Солай болуы мүмкін бе, жалпы? Бір жағынан Астана мен Алматының тұрғындарының арасында Елтаңбаны білмейтін бар дегенге сену де қиын. Бірақ, өкінішке қарай бес жүз адамның 70 пайызы нақты жауап бере алмаған.

Біз университетте жастармен жұмыс істейміз ғой. Әртүрлі іс-шараларымызда Әнұран айтылады. Мемлекеттік Елтаңбамыз университет қабырғасында ілу тұр. Рәміздер қазір барлық мектептерде бар. Яғни, күнде көз алдымызда. Солай бола тұра оған мән бермейтін жандар да болады екен. 

Еліміз жыл сайын 4 маусым күні Мемлекеттік Рәміздер күнін атап өтеді. Мүмкін осы үш рәмізді үш бөлек атап өту керек шығар? Туды бір күні атап өтіп, Елтаңбаға бір күнді арнап, Әнұранды жеке атап дегендей. Бұл енді менің жеке ойым, көпшілік келіспеуі де мүмкін. 

Тағы бір мысал, бұрын біздің кезімізде мектепте әр дүйсенбі сайын «линейка» дейтін болды, яғни оқушылар тізіліп сапқа тұрады. Бір аптаның сабақ үлгерімі, алдағы тақырыптар айтылады. Тәртіп мәселесі қаралатын. Бәлкім, сондай бір форма ойлап, мектепте осы елдік құндылықтарды айтуымыз қажет шығар. Сондай тәжірибеден өткен әдістерді жаңғыртып көру де теріс болмас.

Елтаңбаны және басқа да рәміздерді әлеуметтік желі арқылы да насихаттауға болады. Себебі қазір жастар ғана емес, жалпы көпшілік желіде отырады.Тик-ток дегенді көреді, қолданады. Осындай тетіктер негізінде жаңаша форма табуға да болатындай.

Мемлекеттік Рәміздер туралы арнайы заң бар. Конституциямызда рәміздерді қалай қолдану туралы ережелер жазылған. Мүмкін осы ережелерді жұмсарту қажет шығар. Неге шетелдегідей кеудешемізге Елтаңбамыздың суретін салғызып, күнделікті киіп жүрмеске? Мәселен, АҚШ, Түркия секілді елдердің азаматтары күнделікті өмірде рәміздерін пайдаланады. Тіпті, сонымен бірге өмір сүреді деуге келеді. Бізге де осы әдісті өз ерекшелігімізге лайықтап қабылдасақ болғандай.

Қалай десек те, рәміздер біздің ұлттық бірегейлігіміз. Біздің қоғамды біріктіретін бірегейлік. Өз мемлекеттігін таныған ел ғана болашаққа айқын қадам басады. Ал, рәміздер мемлекеттігіміздің нақты кепілі, құжаты, –  деп жазды оқытушы Зәуре Қартова. 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары