Қазір бұл игі істі Бекболат Атамбаев кеңінен насихаттап жүр.
1899 жылы бой көтерген Мамания мектебі – Жетісу өңірінің тұңғыш білім ордасы екені белгілі. Сол мектепте ұстаздық қызмет атқарған Мәкей Еркінбеков туралы біріміз білсек, біріміз білмейміз. Ол кісі ұстаздықтан бөлек, ашаршылық жылдарында жүз елуден астам жетім баланы бауырына басып, аман алып қалған ел жанашыры. Және алаш ардақтысы Ілияс Жансүгіровтың досы, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ол туралы жазушы-журналист Мұхамедәлі Найманханұлы былай дейді:
1930 жылдардағы қиын кезеңдерде Алаш азаматтары бас қосу үшін Мырзағұл деген садыр елінің биіне ас береміз деп, бір үйді бөлек тігіп, соған Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышпаев, Ілияс барлығы жиналып кеңес өткізген дейді. Ол кеңесте – жер мәселесі, әйел теңдігі, білім беру жайы талқыланады. Бетке ұстар азаматтарға жеке-жеке тапсырма береді. Сонда: «Мына Мәкей осы жердегі жетім балаларға қамқор болсын, оған ел болып жұмылайық. Қолымыздағы малды Кеңес үкіметі әлі түгел тартып әкеткен жоқ. Мына Қарасудан мектеп ашсын. Жағдай жасайық» деген шешім айтқан болуы керек дейді. Содан бастап Мәкей сол Алаш ұлыларының аманатын орындады деп ойлаймын.
Кейде қазаққа ортақ тұлғаларды бір рудың аясына шектеп қоятын әбестігіміз бар. Мұндай әдеттен арылып, өз білімімен, еңбегінің арқасында ұлттың ертеңі үшін қызмет еткен тұлғаларды алаламай халыққа танытып, насихаттау бүгінгі күннің кезек күттірмес жұмысы…
Бұл тұрғыда, Мәкейдей тұлғаның өмір жолын, ел үшін жасаған игі істерін Бекболат Атамбаев кеңінен насихаттап жүр.