Жеке тінту кезінде одан ішінде ұнтақты зат салынған түйіншек табылып, тәркіленген болатын.
Алматы облысында «Алтын Орда» базарының бұрынғы атқарушы директоры Эрмек Марқабаевқа қатысты сот үкімі шықты. Оған аса ірі мөлшерде есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтап, тасымалдады деген айып тағылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Алматы облысы Қарасай аудандық сотының баспасөз қызметі өткен жылдың жазында «Алматы-Бішкек» автожолы бойында полиция қызметкерлері автокөлікті тоқтатқан кезде көліктің артқы орындығында сотталушы М. болғанын хабарлады. Жеке тінту кезінде одан ішінде ұнтақты зат салынған түйіншек табылып, тәркіленген болатын.
Сот-химиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, бұл салмағы 1,796 грамм болатын (аса ірі көлемде) психотроптық зат - мефедрон болып шықты, – делінеді соттың хабарламасында.
Прокурор сотталушыны Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігімен кінәлі деп танып, оны 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы М. кінәсін мойындамай, айғақ беруден бас тартты.
Сотталушы М.-ның кінәсі қылмыстық іс материалдарымен, оның ішінде қамауға алу және сотта қаралған жеке тінту бейнежазбалары, психотроптық заттың өзіне жасалған қол алақандарының жағындыларын, тырнақ бөліктерін және шалбар қалтасының бөлігін сот-химиялық зерттеу нәтижесі бойынша дәлелденді және расталды. Онда психотроптық зат – мефедрон бар қабаттар, сондай-ақ іс бойынша жиналған басқа да дәлелдемелер анықталды, – деп хабарлады аудандық соттың баспасөз қызметі.
Сот жаза тағайындау кезінде сотталушының жас баласы болуын қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жай деп таныды. Қылмыстық жауапкершілікті немесе жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкімімен М. ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ, – деп хабарлады Қарасай аудандық сотының баспасөз қызметі.