Алдағы аптада 800 шибөрі мен 400-дей қасқырды атады деген жоспар бар көрінеді.
Түркістан облысында түз тағысы тұрғындардың төрт түлігін қоймай барады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Astana.tv ақпаратынша, Сырдарияның бойын жағалай жайғасқан Отырар ауданының жұрты қорқау қасқырлардың көзін жоймаса тігерге тұяқ қалмай ма деп алаңдап отыр. Айтуларынша, тоғайда бөрілер соңғы екі жылдан бері көбейіп кеткен. Шибөрі ауыл ішінде емін-еркін жүреді дейді. Көшеге жалғыз шығудан қалдық деп шағымданады.
Талапты ауылының тұрғыны Сейілхан Ерназаров үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр өргізген заман келмеске кете ме деп қамығады. Осы уақытта жайылып қырда жүретін жылқы қазір қорада қамауда тұр. Қолдағы жем-шөпке қарап қалды. Ит-құстан қорудың басқа амалы болмай тұр дейді шаруа.
Қасқырлар соңғы уақытта малшы ауылы тұрмақ, ауылдың іргесіне де сескенбей келетін болған. Қыс түскелі тіпті мал қоймай барады. Тұрғындар қасқырды өз бетінше атуға рұқсатымыз да, мылтығымыз да жоқ дейді.
Ал жергілікті билік жағдайдан хабардан болғанмен қауқарсыз. Жеті ауылдық округте мәселе күрделі. Қазір қасқырға жем болған түліктің саны алынуда. Жергілікті әкімдіктің есебінше, қазірдің өзінде 100 шақты мал ит-құсқа жем болған.
Әкім орынбасарының сөзінше, қасқыр мен шибөріні атуға құзыретті мекемелер қарап отырмаған сыңайлы. Алдағы аптада 800 шибөрі мен 400-дей қасқырды атады деген жоспар бар көрінеді.