Аяқ-қолы жоқ адам неліктен 2-3 рет келіп өзінің мүгедек екенін дәлелдеу керек? Қолы мен аяғы өсіп кетпейді ғой?!, – деп сұрады депутат.
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мүшелері Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен кездесуде министрліктің жұмысына қатысты сын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға қойған сауалында халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселенің мүгедектікті дәлелдеу жайын қозғады және МӘМС жүйесін сынады.
МӘМС – мемлекетке жасалған үлкен қастандық деп ойлаймын. Оның ішінде біріншісі – Президенттің сөзін бұрмалау. Президент жолдауында "міндетті" деген сөзді айтқан жоқ. Онда "ерікті әлеуметтік медициналық сақтандыруды тәжірибеге енгізуді ұсынамын" деді. Біздікілер "шаш ал десе, бас алады". Ерікті дегенді міндетті қылып жібердік. МӘМС-ті қазір тоқтата алмасақ, мен сізге бір мысал айтып берейін. Аягөзде МӘМС-тің жоқтығынан адам қайтыс болған. Сондықтан жаппай халықты қабылдайтын жүйе ойлап табуларыңызды сұраймын.
Айта-айта шаршаған мәселеміз – мүгедектікке шығару. Осыны бір жақты қылыңыздаршы, құдай үшін. Осыны айта-айта шаршадық. Қолы жоқ, аяғы жоқ адам неге 2-3 жыл келіп дәлелдеуі керек. Оның қолы-аяғы өсіп кетпейді ғой. Осыны түсіну қиын емес шығар. Аяқ-қолы жоқ адам неліктен 2-3 рет келіп өзінің мүгедек екенін дәлелдеу керек? Қолы мен аяғы өсіп кетпейді ғой?!, – деп сұрады депутат.
Сондай-ақ депутат Асхат Аймағамбетов МӘМС жүйесіне қатысты Денсаулық сақтау министрлігінің үнемі жаттанды жауап қайтаратынын сынға алды.
"Денсаулық сақтау министрлігінің барлық мәселеге бір жауабы бар. Олар мантра сияқты менеджменттің нашар екенін, жер-жерде дұрыс жұмыс атқарылмай жатыр айта береді. Екінші жауап - жалған мәлімет, үшіншісі - жою. Төртінші жауап – жарналарды көбейту. Егер бірдеңе дұрыс болмаса, біз әрқашан қандай да бір жарналарды көбейтуге тырысамыз", – деді ол.
Экс-министр Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, жауапты ведомство МӘМС жүйесін халыққа пайдалы әрі тиімді деңгейге көтеру керек .
"Жалған мәлімет беруге қатысты мәселелер бар: өйткені стандарттар жоқ. Ал қазір Денсаулық сақтау министрлігінде әдістемелік негіздер жеткіліксіз. Нашар басқарылады деп те айта алмаймыз. Бас дәрігерлердің 100 нашар менеджер болуы мүмкін емес. Жаңа басшылық осы сұрақтардың барлығына нақты жауап береді деп сенемін", – деді ол.