$ 494.87  520.65  4.91

Қарағанды түрмесіндегілер өз-өзіне қол жұмсауда

Қарағанды түрмесінде жазасын өтеушілер «түзеу мекемесінің басшылығы азаптап, күш көрсетіп жатыр» деп наразылық білдіруде. Жанайқайларын айта келген  сотталушылардың жақындары темір қақпаның алдына жиналды, деп хабарлайды 31 арна.

Айтуларынша, Балқаш қаласындағы абақтыдан куәгерлер ретінде ауыстырылғандарды АК 159/1 колониясының қызметкерлері соққының астына алып, жаппай сабаған көрінеді.

Сотталғандардың мына шағым хаттарын жақындары түрмеден жасырын түрде шығарған көрінеді. Колония басшылығының әрекетсіздігінен мезі болғандар, «мұндай қадамға барудан басқа амалымыз қалмады» деп налиды. Табандарынан таусылып, талай құзырлы мекеменің табалдырығын тоздырудан берекеміз қашты дейді олар.

— Колония қызметкерлері барлық сотталғандармен малмен сөйлескендей сөйлеседі. Қазан айында екі сотталушыны далаға тырдай жалаңаш тұрғызып қойған, — дейді сотталушының анасы Альфия Махиева.

Осыдан үш ай бұрын Балқаш қаласындағы түзеу мекемесінен Қарағандыдағы тергеу изоляторына 40 сотталушы куәгер ретінде ауыстырылған. Абақтыда болып жатқан былыққа шыдамаған олар соққыға жығылдық деп бас прокуратураға шағым хат жазыпты. Бірақ, көмек сұрап жазған өтініштердің біреуі де діттеген жеріне жетпеген көрінеді. Бұдан өзге жақындары, түрмедегі зорлыққа шыдамаған айыпталушылардың біреуі, тіпті өзіне қол жұмсауға дейін барған дейді.

Тағы бір сотталушының ағасы Бахтияр Рысаев Александр Кривоностың өзіне қол жұмсап, асылып қалғысы келгендігін айтады. Бірақ, оны бірге отырған балалар құтқарып қалыпты.  Бұл жайтты түзеу мекемесіндегілер жасырғысы келген.

— Мен немереммен кезіктім. Бірнәрсе айтуға қорқады. Әбден қорқытып тастаған. Бірақ түрме қызметкерлерінің оларға қол көтергенін айтқан, —дейді сотталушының атасы Александр Лунин.

Ал прокурорлар түзету мекемесінің қызметкерлері сотталғандарды ұрып-соғатынын теріске шығарып отырған  жоқ. Сөздерінше, қазір жазасын өтеушілермен сөйлесу жұмыстары жүргізілуде.

— Қоғамдық бақылау комиссиясының мүшелері тергеу изоляторына барып қайтты. Ия, бұл жағдай шынымен болған. Бірақ, біз сотталушылармен кездестік. Енді бұл жайтты қадағалауға аламыз, — дейді Қарағанды облыстық прокуратура басқармасы бастығының орынбасары Сейдахмет Уткуров.

Осылайша, жағдайды басты назарда ұстаймыз дегеннен таймаған құзырлы мекеме өкілдері түзеу мекемесінің басшылығымен де сөйлесуге ниетті екендіктерін айтады. Тек темір тордың ар жағындағы жағдайдың жай-жапсары жуырда оңала ма жоқ па әзірге белгісіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары