$ 494.87  520.65  4.91

Елімізде су тасқыны салдарын азайтуда нақты қандай шаралар қолданылып жатыр?

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтар үшін 378 мың тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналды.

Фото: Үкімет
Фото: Үкімет

Елімізде су тасқыны қаупі әлі де сейілмей тұр. Апатпен күрес жұмысы Мемлекет басшысының жеке бақылауында. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған болатын. Сапар барысында Президент өңірдің қарғын су басқан аумақтарын тікұшақпен аралап көріп, эвакуацияланған тұрғындармен кездесті. Тасқын судың салдарын жою үшін нақты шаралар қолға алынғанын. Қауіп-қатердің алдын алу жұмыстары атқарылып жатқанын айтты. Қазіргі таңда нақты қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Халыққа қандай жағдай жасалып жатқанына Skifnews.kz ақпарат порталы шолу материал дайындады.

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты үндеу жасады. Елімізде күрделі жағдай қалыптасқанын, оның табиғи апат екенін айтты. Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат екенін атап өтті.

Су тасқынына байланысты еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланды, яғни Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында.

«Атқарушы органдар жіберген олқылықтарды түзеу үшін мен шұғыл түрде нақты тапсырмаларды бердім. Қазір барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Үкімет қарғын судың салдарын жоюға бар күшін салуда. Премьер-Министрдің басшылығымен Республикалық штаб құрылды. Премьер-Министрдің өзі, оның орынбасарлары және Төтенше жағдайлар министрі апат болған аймақтарды аралап жүр. Барлық құтқару жұмыстары менің тікелей бақылауымда», - деді Президент.

Су тасқынымен күресуге Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық ресурсы тартылды. Сондай-ақ құтқару жұмыстарына Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Қарулы Күштер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары белсене атсалысып жатыр. Зардап шеккен аймақтардың әкімдіктері күндіз-түні жұмыс істеуде. Ондаған мың волонтер де көмектесіп жүр.

Мемлекет басшысы, «жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы. Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі» деді Үндеуінде.

Премьер-Министр, су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны зардаптарын жою жөніндегі республикалық штаб жетекшісі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты елдегі су тасқыны жағдайы мен ахуалды тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы үнемі хабардар етіп отыр.

Президент тапсырмасы бойынша, Олжас Бектенов бүгін Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарына барды. Сондай-ақ өңірлік штаб жетекшілерінің қатысуымен Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны зардаптарын жою жөніндегі республикалық штаб отырысын өткізді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су басқан үйлердің барлығы құжаттардың бар-жоғына қарамастан, қалпына келтірілетін болады. Мемлекет ешкімді баспанасыз, далада қалдырмайды. Осындай қиын жағдайда ірі, орта бизнес, сондай-ақ кішігірім компаниялар және елдің тағдырына бей-жай қарамайтын қарапайым азаматтар қол ұшын созып жатыр. Бюджет қаражатына қосымша тұрғын үйлерді қалпына келтіруге, жоғалған мүлік пен мал шығынын өтеуге бағытталатын қомақты сома жиналды. Мердігер компаниялар осындай қиын жағдайды бизнеске айналдырмайды және барлық қаражат мақсатты түрде жұмсалады деп сенемін», — деді Штаб жетекшісі.

«Үкімет фермерлер мен мал иелеріне несиелер мен лизингтік міндеттемелерді кейінге шегеру бойынша қолдау көрсететін болады. Төлемдер кешіктірілген жағдайда айыппұл салынбайды», — деді Премьер-Министр.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта 63 927 адам құтқарылды және эвакуацияланды.

Осы уақытқа дейін Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 3 391 жеке тұрғын үй, 1059 саяжай үйі, түрлі мақсаттағы 79 ғимарат су астында қалды.

«Қазіргі таңда 63 927 адам құтқарылды және эвакуацияланды, оның ішінде 45 мүмкіндігі шектеулі адам, 15 283 бала бар. Уақытша орналастыру пункттерінде 13 328 адам, оның ішінде 6 742 бала бар. Психологтар жұмыс істейді. Барлық қажетті көмек көрсетіледі», - деп атап өтті ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою Департаментінің бастығы Кахарман Оразалин ОКҚ брифингінде.

Сонымен қатар, 10 068 бас ауылшаруашылық жануарлары қауіпсіз қашықтыққа шығарылды.

«Ұшқыштардың шеберлігі арқасында 2 607 адам құтқарылды, оның ішінде 760 бала бар. Тәулігіне 243 адам құтқарылды. Құтқару операциясы қиын жағдайда өтті», - деді спикер.

96 тоннадан астам гуманитарлық жүк жеткізілді, 7 млн 300 текше метр еріген су тартылды, 921 мыңнан астам қапшық және 970 мың тонна инертті материалдар төселді. Авариялық-құтқару жұмыстарына дәл қазір 8 779 адам, 1756 бірлік техника, 415 су айдау құралы, 65 жүзу құралы, 12 әуе құралы жауынгерлік кезекшілікте.

Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте су тасқыны жағдайы бойынша жедел ақпарат ұсынылды.

Қазіргі уақытта 3686 жеке тұрғын үй, 557 аула аумағы, 1822 саяжай үйі су астында қалып отыр. Бұл - Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарындағы жағдай.

«Су тасқыны кезеңінің басынан бері 72 029 адам құтқарылды, оның ішінде 16 078 бала бар. Уақытша орналастыру пункттерінде 14 368 адам, оның ішінде 7 200 бала бар», - деп атап өтті ОКҚ алаңында ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Қахарман Оразалин.

7,5 млн текше метрден астам еріген су тартылды, 950 мың тоннаға жуық қапшық және 976 мың тонна инертті материалдар төселді. Авариялық-құтқару жұмыстарына 12 455 адам, 7 әуе кемесі жұмылдырылды.

«Республикалық жедел штабтың бақылауында Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары тұр»,-деп түйіндеді спикер.

Су тасқыны бар өңірлерде 3 мыңға жуық медицина қызметкері жұмыс істейді.

«Осы аудандардағы барлық медициналық ұйым күшейтілген режимде жұмыс істейді. Су басқан аудандарда 300-ге жуық жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. 30 психолог қатысады. Жүкті әйелдер мен балалардың жағдайына ерекше назар аударылады. Мәселен, өткен тәулікте Атырау облысында Құлсары қаласындағы перзентханадан 12 әйел, оның ішінде 8 перзентхана мен 5 жүкті әйел толық мерзімде медициналық ұйымдарға көшірілді», - деді  Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиева ОКҚ брифингінде.

Су тасқыны басталғаннан бері барлығы 84 жүкті әйел эвакуацияланды. Оның ішінде босану мерзімі жақын 31 әйел ауруханаға жатқызылды. Уақытша орналастыру пункттерінде бүгінгі таңда 990 бала бар. Санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету мәселелері тұрақты бақылауда.

«4 мыңнан астам су сынамасының 133 сынамасы гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейді. Жалпы, сәйкес келмейтін сынамалар бойынша көрсеткіш өткен екі жылдың қорытындысы бойынша орташа республикалық жылдық көрсеткіштен аспайды. Өңірлерде санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда және денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында», - деді ведомствоның ресми өкілі.

ҚР ІІМ: қазір ел бойынша 15 мың полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері құқықтық тәртіпті қамтамасыз етеді

Тікелей авариялық-құтқару іс-шараларына ІІО-ның 5,5 мыңға жуық қызметкері, сондай-ақ полиция ведомствосының мыңға жуық техникасы қатысады. Арықтарды тазарту жұмыстары жүргізілуде, 115 мыңнан астам қапшық төселді. Полиция қазірдің өзінде 12,6 мың адамды эвакуациялады, оның ішінде 290 – нан астам адам тікұшақпен шығарылды. Мұндай деректерді республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев келтірді.

«39 ауданда зардап шеккен елді мекендер қоршауға алынды. Қазір полицияның қорғауында 1 266 тұрғын үй және басқа да нысандар бар. Тонау фактілері тіркелген жоқ. Азаматтардың 87 ірі уақытша орналастыру пунктінде қауіпсіз орналасуы ұйымдастырылды», - деді спикер.

Бұдан бөлек, республикалық маңызы бар жолдардың 17 учаскесінде қозғалысты шектеу енгізілді және қолдау көрсетіледі. Патрульдік полиция ұйымдасқан колонналармен су басу аймақтарынан 3,5 мыңнан астам автокөлікті алып жүрді. Стратегиялық объектілерді қорғау қамтамасыз етіледі: 70 ауыз сумен жабдықтау және 91 су шаруашылығы объектілері бақылауда.

«Бүгінде су тасқынына қарсы іс-шараларға қызметкерлер мен әскери қызметшілердің ең көп саны жұмылдырылды. Жағдай нашарласа, басқа өңірлерден тасымалдау үшін күштер мен құралдардың қосымша резервтері айқындалды.

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтар үшін 378 мың тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналды.

Оның 280 тоннадан астамы зардап шеккен өңірлерге жеткізілді. Гуманитарлық көмектің қалған бөлігі жақын арада жіберіледі. Еріктілердің су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысуы, гуманитарлық көмек жинау және оны жөнелту туралы республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте ҚР МАМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова хабарлады.

Оның айтуынша, Атырау облысының 5 мыңнан астам еріктісі қаптарды пайдаланып жағалау сызығын нығайтуға және су басқан аудандардан тұрғындарды эвакуациялауды жүзеге асыруға жұмылдырылған. БҚО-да еріктілер ТЖД қызметкерлерімен бірлесіп су басқан кенттердің 500-ден астам тұрғынын эвакуациялады. Павлодар облысының 260 еріктісі су тасқынына ұшыраған аудандарға барды. Қостанай облысының Арқалық қаласында күн сайын 5 қоғамдық тамақтандыру нысаны 300-ден астам адамды ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Түркістан облысынан келген 15 жас волонтер Ақтөбе облысының зардап шеккен тұрғындарына көмек көрсетеді және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарына қатысады.

«Өзара көмек дәстүрі әрқашан біздің халқымызға тән болды. Осы жылдар ішінде халықтық өзара көмек тек ауқымды бола түсуде», - деді ОКҚ алаңында спикер.

Әскери ұшқыштар су тасқыны аймақтарына 300- ден астам рет ұшты.

ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулиннің айтуынша, 27 - наурыз бен 6 - сәуір аралығында ҚР ҚК жеке құрамы 2 мыңнан астам адам, 105 бірлік әскери техника, 15 тікұшақ, сондай-ақ 4 ұшақ жұмылдырылған. ҚР ҚК жеке құрамымен 2 мыңнан астам адам эвакуацияланды, оның ішінде 625 бала бар. Тікұшақтар 296 рет және ұшақтар 7 рет ұшты. Сондай-ақ 79 мың келі гуманитарлық жүк тасымалданды. Қостанай, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы, сондай-ақ Абай облысындағы су басу аймақтарынан адамдарды эвакуациялау жүзеге асырылды.

«Президенттің тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта Ақтөбе облысының Ойыл ауданына әскери инженерлер келді. Қазіргі уақытта олар 150 адамды эвакуациялады», - деді спикер ОКҚ алаңында орналасқан республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте.

Зардап шеккендерге мемлекеттік материалдық резервтен көмек көрсетіледі.

Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті мен «Резерв» РМК қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істейді, әкімдіктердің өтінімдерін қарастырып және сұратылған тауарларды жіберіліп жатыр. Мемлекеттік материалдық резервтер номенклатурасына сәйкес резервтің қоймаларында тамақ өнімдері, төтенше жағдайларды жоюға арналған тауарлар – арнайы және автомобиль техникасы, шатырлар, төсек-орын жабдықтары және халықтың тіршілігін қамтамасыз ететін қажетті басқа да тауарлар сақталады. Бұл туралы Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті төрағасының орынбасары Руслан Ормағамбетов ОКҚ алаңында хабарлады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстары үшін мемлекеттік материалдық резервтен 51 бірлік арнайы және автомобиль техникасы, оның ішінде экскаваторлар, вахталық автомобиль, балшық сорғылары, автосамосвалдар, шатырлар мен төсек-орын жабдықтары шамамен 15 мың 400 адамға 1 млрд 474 млн теңгеге шығарылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#су тасқыны