$ 494.87  520.65  4.91

АӘДТ пәнінің жетекші-ұйымдастырушысы: Бүгінгі оқушы – ертеңгі Отан қорғаушы

Әскери білім және ғылым жүйесін дамыту – аса маңызды міндет.

Фото: мұғалім мұрағатынан
Фото: мұғалім мұрағатынан

Өскелең ұрпақты өз Отанын шын сүюге тәрбиелеудің мәні мен маңызы зор. Өйткені елі мен халқына шын берілген адамның қолынан ғана ұлы істер атқару келеді. Тәрбие тал бесіктен беріледі, демекші бүгінгі оқушы - ертеңгі сарбаз болып саналатын мектеп жасындағы балаларды жасынан отансүйгіштікке баулу басты шарттардың бірі, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Елімізде кездесетін барлық мемлекеттік білім беру ұйымдарында АӘДТ(Алғашқы әскери дайындық теориясы) сабақтары өтеді. Осы саланың мұғалімдері атқаратын еңбек орасан зор. Жай көзге айтарлықтай ауқымды қызмет болып көрінбеуі мүмкін. Әйтсе де мектеп жасындағы оқушылар осы сабақ арқылы ел мен жерге қызметті терең түсіне бастайды. Осы орайда АӘДТ пәнінің ардагер ұстазы Мырзағұлов Юрий Әріпұлымен сұхбаттасқан едік. 32 жылдық тәжірибесі бар ұстаз өзінің еңбек жолынан кеңірек сыр шертті. Айтуынша, сол замандарда ол өз қызметін дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде бастаған. Кейін қызығушылығы ауысып, жас ұрпақты әскери өмірге үйретуге кіріскен.

«Мен, Мырзағұлов Юрий Әріпұлы 1968 жылы Ақтөбе қаласына қарасты Аралтөбе ауылында дүниеге келдім. 1985 жылы Қызылжұлдыз орта мектебін тәмамдап, Павлодар  қаласында орналасқан дене тәрбиесі техникумына түсіп, «Дене шынықтыру пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы» мамандығын алып шықтым. 1990 жылы Қарабұтақ балалар спорт мектебіне еркін күрестен жаттықтырушы болып орналастым, бұл қызметті екі жыл атқардым. Осы аралықта спорттан айтарлықтай жетістігі бар бірнеше шәкірт тәрбиелеп шығардым. Кейіннен Қызылжұлдыз орта мектебіне жұмысқа кіріп, дене шынықтыру пәнінен сабақ бере бастадым. Қазіргі таңда Сәрсенов Жақия атындағы Жалпы орта білім беретін мемелекеттік мекемеде Алғашқы  әскери дайындық теориясы пәнінің жетекші-ұйымдастырушысы болып еңбек етемін».

Бұдан бөлек біздің кейіпкеріміз өз саласында бірнеше марапаттарға ие болғанын және спорттық жетістігі де жоқ емес екенін атап өтті.

«Қазақстан Республикасының патриоты Б.Момышұлы медалдарімен, Отан қорғаудағы және жастарға патриоттық тәрбие беру жолындағы ерекше еңбегі үшін Кеңес Одағының батыры Генерал Сабыр Рақымов медалімен марапатталсам, құтқарушылар күнінде қаламыздың полковнигінен алғыс хат алдым. Сондай-ақ Спорт шеберлігіне үміткер ретінде спорттық дәрежем бар. Спорттық дәрежемді қоса айтуымның да өз мәні бар. Оқушылардың Отанына деген сүйіспеншілігі спортта белгілі бір белесті бағындырған чемпиондарды көргенде артады. Яғни, патриоттық сезімін спорт саласынан бөлек алып қарастыруға болмайды. Бұл екеуі қашан да қатар жүруі керек. Сондықтан өзімнің алдымен спортшы, содан кейін барып АӘДТ пәнінің мұғалімі болғанымды дұрыс іс деп ойлаймын. Осының бәрін қоса алғандағы еңбек өтілім бас-аяғы 32 жылды құрайды».

Ұстаздық қызмет адамның қанына сіңіп кетеді, деп айтсақ қателеспейміз. Оған дәлел Юрий Әріпұлы тәрбиелеп өсірген қос ұлының бүгінгі қызметі.

«Жұбайым екеуміз Құдайдың берген екі ұлын тәрбиелеп өсірдік. Бүгінде екеуі де Отанға қызмет етіп, өз елі мен халқы үшін маңдай терлерін төгіп жүр. Үлкен ұлым Қорғаныс министрлігінде офицер болса, кіші ұлым Ішкі істер министрлігінің қызметкері. Екеуі де жақсы әке, үлгілі отбасы қатарынан. Мұның барлығы балаларымның үйде менен алған тәрбиесі мен мектепте берген білімімнің жемісі деп ойлаймын».

Кейіпкеріміздің қызметтік жолынан хабар алып, өзі туралы толық ақпараттанған соң Юрий ағайдан ұстаз ретінде әскери тәрбие берудің өзіндік тәсілдерін сұрадық.

«Мен оқушыларға сабақ барысында батырлар жайлы көп ақпарат айтуға тырысамын. Бұдан бөлек ауылымыздағы ауған соғысының ардагерлерін шақырту арқылы ерлікке баули отырып тәрбие сағаттарын өткіземін. Жақын арада орналасқан әскери горнизондарға окушыларды апарып ол жердің ішкі атмосферасымен кеңірек таныстырамын. Сондай-ақ әскери және спорттық жарыстар ұйымдастыру, әскери үйірмелер өткізу, тир ату, алғашқы медициналық көмек көрсетуге үйрету де менің негізгі қызметіме кіреді».

АӘДТ пәнінің мұғалімінен бұл пәннің қаншалықты керек екенін және оқушыларға әскери-патриоттық тәрбие берудің маңызы жөнінде пікір алмастық. Айтуынша, жас ұрпақтың бойында дұрыс дағды қалдыруда бұл пәннің алар орны ерекше.

«Окушыларға әскери-патриоттық тәрбие берудің маңызы орасан. Жас өскінді шыңдап, оның бойына патриоттықтың дәнегін себу және болашақта әскерге дайындау міндеті осы пән мұғалімдеріне жүктелген. Оқушылар әскери және спорттық шараларға қатысу арқылы қару ұстауды және басқа да әскери құралдарды меңгереді. Бұдан бөлек осындай шаралар арқылы адамгершілікке, патриот болуға, жанындағы жолдасына жанашыр болуға, командада бір-біріне қолдау көрсетуге үйренеді. Бұл пән жасөспірімдерді Отанын сүюге, еліне қызмет етуге, антына адал болуға тәрбиелейді. Сабақ барысында оқушылар қару-жарақпен және оның кұрылымымен танысып қана қоймай, оның атауынан да хабар алады. Сонымен қатар оқу-жаттығу шараларында іс жүзінде тәжірибе жасап көреді. Осылайша мектеп оқушысының санасында ҚР Қарулы Күштері қандай қызмет атақаратыны туралы жалпы түсінік қалыптасады. Әскери іс негізін түсінген оқушы өз бойына өмірге қажетті дағды мен қабілеттерді толық жия біледі. Сондықтан бүгінгі оқушы – ертеңгі Отан қорғаушы екенін осы тұста еске салып өткім келеді. Сол үшін де бұл пәнді оқыту әбден керек».

Бұдан бөлек отыз жылдан аса еңбек тәжірибесі бар ұстаздың АӘДТ пәні бойынша өз ұсынысы бар екен.

«Ең алдымен АӘДТ пәніне арнайы жабдықталған бөлек кабинет керек. Қарулар сақталған бөлек кабинет жасақтап ол жерге жауапты ретінде пән мұғалімін қою керек деп санаймын. Одан бөлек жыл сайын оқушыларға арнап ұйымдастырылатын далалық әскери жиын өз деңгейінде дұрыс өткізілсе деймін. Олай дейтін себебім кейбір кемшін тұстарын көзіміз шалып жүр. Сондай-ақ бұл пәнді оқытуға арналған барлық материалдық база жабдықталса деген ұсынысым бар. Сол кезде біз жоғарыда атап өткен мақсаттарымызға жылдам әрі нық жетеміз».

Тәжірибесі мол осындай ұстаздарымыздың талап-тілегіне құлақ түріп, оларды орындай білуіміз керек. Өйткені мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әскери білім және ғылым жүйесін дамыту – аса маңызды міндет. Әскери академиялар, институттар әлемдік стандарттарға сай болуға тиіс. Осы саладағы жоғары оқу орындарының материалдық базасын нығайту керек. Сондай-ақ оқу бағдарламасын заман талабына сай бейімдеу қажет.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары