$ 494.87  520.65  4.91

Аманкелді Құрметұлы: Бізде түркі бірлігін қауіп санайтын қауым бар

Атақты Афрасиабтың заманынан бастап «Алып ер Тұңға» жыры, «Шу батыр» жыры дейді, тағы басқа көне дәуірден келе жатқан ақпарат бар қанымызда.

Фото: видеодан алынған кадр
Фото: видеодан алынған кадр

Халықаралық әскери  шолушы, журналист Аманкелді Құрметұлы «Qasqajol» ютуб арнасына сұхбат берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Аманкелді Құраметұлы Тұран Одағы бола ма, болса қалай болады, Шыңғыс хан тұлғасының түркілердің тарихындағы орны мен түркі мемлекеттердің интеграциясы, латын қарпінің түркі елдерін бірлестірудегі маңызы жайлы ойларымен бөлісті.

Қазір Тұран деген атау өте сәнде, бізге ұнайтын, жанымызға жағатын сөз. Өйткені ежелгі Тұран-Иран қақтығысы деген бар. Атақты Афрасиабтың заманынан бастап «Алып ер Тұңға» жыры, «Шу батыр» жыры дейді, тағы басқа көне дәуірден келе жатқан ақпарат бар қанымызда. Және Тұран әңгімесін ерекше көтеріп, ортаға тастап жүрген адамдардың біреуі мына Ресейде қайтыс болған Владимир Жириновский. Қателеспесем 2015-2016 жылдар ма екен, «Мына түркілер бірігіп Тұран армиясын жасақтайды да, бәлен миллиондық әскерімен Қытайға дейін барады. Жолда біздің тас-талқанымызды шығарып өтеді» деп бір жерде сампылдап тұрып сөйлеген. Ол ютубта тараған. Ол бізге дейін жетті де, содан біз қазір Тұран деген ұғымға қатты құмармыз. Енді ресми түрде бұл ынтымақтастықты біз қазір «Түркі интеграциясы» деп атап жүрміз және осы «Түркі интеграциясы» барысында бұқара ретінде, қарапайым азамат ретінде көптеген оқырмандар, оның ішінде мен, сіз және басқа да азаматтар «Тұран Одағы» құрылса дейміз.

«Тұран Одағы» атау ретінде құрылып-құрылмауы неғайбыл, бірақ Түркі интеграциясы әрі қарай жетілу арқылы «Түркі мемлекеттері ұйым» деген бар қазір, алдағы уақытта «Түркі мемлекеттері Одағы» деген атаумен жаңа сипаттағы құрылымға айналса таң қалмаймын. Біздегі интеграция сол бағытта кетеді. Тұран деген атауды ресми түрде қолданбаймыз.

Ал азамат ретінде біз, әлбетте, қалаймыз ондай атаудың қоланғанын. Атаудан бұрын бізге бұл түркі халықтары біріксе, қуатты армиямыз болса, айналадағы ірі көршілерге сес көрсетіп, қасқайып тұрсақ деген бір арман-аңсарымыз бар. Сол себепті біз мына Тұран идеясына, түркі бірлігі идеясына құмармыз. Ашығын айту керек, бұған құмарлар көбіне қазақтілді орта.

Қазақстандағы демографияның ахуалын салыстырғанда қазақ халқының үлесі басым, бірақ сол қазақ халқының өзі қазір байқаймын, 1-2 лагерьге бөлінетін сияқты. Тіл мәселесінде қатты лагерь бар кәдімгідей. Әрине, орыс тілінде сөйлейтін, орыс тілін қолданатын отандастарымыздың көбі мына Украинадағы соғыстан кейін Ресейдің пиғылын сезіну арқылы отаншылдық сезімдерін байқатып та жүр. Бірақ әлі күнге теріскейге қарап, содан үміт күтетін, жаһандағы бүкіл қауіпсіздік пен тыныштықтың кепілі теріскейдегі ел деп ұғатын, түркі бірлігін қауіп санайтын қауым бар бізде. Сондықтан бұл Тұран Одағы,Тұран әскері, Тұран идеологиясы, Түркі бірлігі деген дүние іргетас деңгейіндегі көптеген жұмыстарды баяу-баяу болса да атқара отырып, 2050 жылдарға қарай қол жеткіземіз-ау дейтіндей бір миссия, сондай бір «вижн», сондай бір мақсат деп есептеймін өз басым, - деді спикер.

Сұхбаттың толық нұсқасын «Qasqajol» ютуб арнасынан көре аласыздар. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары