Ол лауазымынан қаңтар оқиғаларынан соң, 2022 жылы босатылған болатын.
Бұрынғы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ұсталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Бас прокуратурасына сілтеме жасап.
Экс-министр Тұрғымбаев 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген бап негізінде қозғалған іс бойынша ұсталды.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы 2022 жылғы қаңтардағы оқиғаларға байланысты қылмыстық істерді тергеуді жалғастыруда.
"Ағымдағы жылдың 29 сәуірінде ауыр зардаптарға әкеп соққан билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін (ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігі) Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы тәртібінде ішкі істер экс-министрі Е.З.Тұрғымбаев ұсталды.
Қылмыстық істе мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің болуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етуге жатпайды", - делінген хабарламада.
Мемлекеттік құпияларды құрайтын сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол бермеу ҚР ҚІЖК-нің 47 және 201-баптарының талаптарымен регламенттелген.