$ 494.87  520.65  4.91

«Халықаралық дипломатияда салмағы бар тұлға»: Тоқаев туралы қызықты мәліметтер

Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі 30-шы жылдары аштықтан жан сақтау үшін отбасымен Фрунзе қаласына қоныс аударады. Сол жердегі бір ауқатты адамның қол астына жұмысқа жалданады.

© Sputnik / Болат Шайхинов
© Sputnik / Болат Шайхинов

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туралы не білеміз? Skifnews.kz ақпарат порталы бүгінгі материалында мемлекет басшысы туралы қызықты ақпараттармен бөліспек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін 71 жасқа толып отыр.  Ол 1953 жылы 17 мамырда Алматыда Екінші дүниежүзілік соғысының қатысушысы және белгілі жазушының отбасында дүниеге келген.

Қасым-Жомарт Тоқаев зиялылар отбасынан шыққан. Әкесі – Кемел Тоқаев – Қазақстандағы детективтік жанрдың негізін қалаған, белгілі қазақ жазушысы. «II дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені» және қос «Батылдығы үшін» медалін кеудесіне таққан майдангер. Анасы – Шабарбаева Тұрар – педагогикалық жоғары оқу орнының оқытушысы, халықаралық-лингвист.

Фотоколлаж: Sn.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі 30-шы жылдары аштықтан жан сақтау үшін отбасымен Фрунзе қаласына қоныс аударады. Сол жердегі бір ауқатты адамның қол астына жұмысқа жалданады. Аяқастынан отбасы қайғы жамылады. Кемел Тоқаевтың анасының аяқ-қолы жансызданып, дертке шалдығады. Бір күні отағасы жұмысқа кетіп, Қасым мен Кемел де базар маңында жүргенде, жанып тұрған ошаққа үйде ойнап жүрген үш жасар кішкентай қыз құлап түседі. Тамақ жасайтын ошақта, тірідей жанып жатқан баласына, сал боп жатқан анасы қол ұшын бере алмайды.

Азаматы үйіне оралғанда жан түршігерлік сұмдық көрініске куә болады. Отқа жанған кенже қызы мен жүзінде адам шошыр азаптың ізі қалған жансыз жұбайы жатыр еді.

Бір айналдырса шыр айналдырады дегендей, базардан қайтып келе жатқан Кемел мен Қасымды тентіреп жүрген жетімдердің біріне санап, тәртіп сақшылары ұстап әкетеді. Әкелері тоса-тоса төзімі таусылады. Ақыры оларды әлдекімдер ұрлап әкеткен шығар деп пайымдайды. Бұл жығылғанға жұдырық болып, бәрінен тұлдай айырылған отағасының өзі көз көрмес бір жаққа сіңіп, жоқ болады. Сонымен Кемел мен Қасым Фрунзедегі жетімдер үйінен бір-ақ шығады. Президенттің әкесін Илизаров аппаратын жасаушы аман сақтап қалды. Майданда жарақат алған Кемел Тоқаевтың аяқтарын кесу қаупі туады. Бұл дегеніңіз түкке жарамайтын мүгедектік. Оның бақытына орай, осы әскери госпиталде, жас болса да танымал болған – Гавриил Илизаров деген ортопед-дәрігер бар еді. Кемел Тоқаевты емдеуді сол өз қолына алып, ақыры аяғына тұрғызады.

Фото: Комсомольская правда – Казахстан. Қасым-Жомарт Тоқаев, Вячеслав Константинов және Андрей Антоненко (солдан оңға қарай), 1970 жыл, мектеп жасындағы жылдары

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы №25 мектеп-гимназия түлегі. Бұл елу жылдан астам уақыт француз тілін тереңдете оқытып келе жатқан бірден бір білім ошағы. ЛДПР фракциясының жетекшісі, ресейлік саясаткер Владимир Жириновский де осы мектептен тәлім алған.

Қызмет жолына көз жүгіртсек, 1992 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды. 1993 жылы сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, 1994 жылы сыртқы саяси ведомствоның басшысы болды. Тоқаев сыртқы істер министрлігін бес жыл басқарды.

1999 жылдың наурызында премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды. Ал 1999-2002 жылдары Қазақстан үкіметін басқарған. 2002 жылдың қаңтарында отставкаға өтініш берді, кейін Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі болып тағайындалды.

Тоқаев бас-аяғы 10 жылға жуық Қазақстанның сыртқы істер министрі болды (1994 – 1999, 2002 – 2007). Сыртқы саяси ведомствоның басшысы ретінде ядролық қаруды таратпау ісіне белсене атсалысты. Бұрынғы дипломаттар Тоқаевты «ел дипломаттарының жетекшісі, халықаралық дипломатияда салмағы бар тұлға» деп бағалаған.

2007-2011 жылдар аралығында ҚР Парламенті сенатының төрағасы қызметін атқарды.

2011 жылдың наурызында Тоқаев БҰҰ бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры, сондай-ақ Қарусыздандыру жөніндегі конференцияның бас хатшысы болып тағайындалды. Содан кейін, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы (2013—2019) қызметін атқарды. 2019 жылдың 9 маусымында өткен сайлауда 71% дауыспен жеңіп, тәуелсіз Қазақстанның президенті болып сайланды.

Қазақ, орыс, ағылшын, қытай және француз тілдерін біледі.

Президенттің хоббиі – кітап оқу. Оның ішінде мемуарлық, тарихи және көркем әдебиеттерді сүйіп оқиды. Сондай-ақ, өзі де бірнеше кітап пен халықаралық қатынас мәселелері туралы көптеген мақаланың авторы. Үстел теннисін ойнағанды ұнатады. Аталған ойын түрінен спорт шеберлігіне кандидат.

Саяси қайраткер ретіндегі идеалы – Ф.Д. Рузвельт, Дэн Сяопин, У. Черчилль.

Ел болашағы туралы болжамы – «Экономикасы дамыған және халықаралық қоғамдастықта ұстанымы мықты демократиялық мемлекет».

Қасым-Жомарт Тоқаев саясаттан өзге жазушылыққа қызығады. Әке қанынан дарыған қасиет болуы керек. Әкесі көбіне детектив жанрына ден қойса, баласы мемуар жазуға қызығушылық танытты.

Қазақстан Президенті салауатты өмір салтын қадірлейді. Спортпен шұғылданады. Бала кезінен пинг-понг ойнауға әуес. Ол 13 жыл бойы Қазақстан стол теннисі Федерациясын басқарды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары