Десек те, елімізде жеткіншектердің қылмысы жылдан-жылға көбеймесе, азаймай тұр.
Өкінішке қарай, елімізде мектеп оқушылары арасында қылмыс азаймай отыр. Дерекке сүйенсек, жыл сайын орта есеппен 145 мыңнан астам заң бұзушылық тіркеледі екен. Бозбала мен бойжеткендер арасындағы теріс қылықтың көбі ұрып-соғу, ұрлық және өз-өзіне қол салу сияқты фактілерден тұрады. Ең сорақысы, жыл сайын заң талабымен жазаланатын жасөспірімнің кемінде біреуі бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу үшін тәрбиелеу колонияларына жіберіледі. Осы орайда Skifnews.kz ақпарат порталы мәселенің шығуы мен шешіміне шолу жасап көрмек.
Жас өскіннің бүршік жармай жатып қылмысқа баруы – жантүршігерлік жағдай. Десек те, елімізде жеткіншектердің қылмысы жылдан-жылға көбеймесе, азаймай тұр. Мәселен, республика бойынша биыл кәмелетке толмаған 700-ден аса жеткіншек қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Соңғы наурыз айының өзінде 378 жасөспірім қылмысқа бой ұрған. Олардың ішінде ауыр емесі – 32, ауырлығы орташа – 147, ауыр –162, аса ауыр 15 факт тіркелген.
Сотқар бала қайдан шығады?
Қоғамдық пікір бұзық балалар туралы сөз болғанда олардың көбіне «біреуден есесін қайтару мақсатында» немесе «заңнан бейхабар» болуы себепті мұндай әрекеттерге барып жатады дегенге саяды. Ал психологтердің айтуынша, жас жеткіншектердің қылмыс жасауының басты себептерінің бірі отбасылық қарым-қатынастың әлсіреуі екен. Яғни баланың немен айналысып, қайда барып жүргеніне ата-ананың назар аудармауы. Сондай-ақ кімдермен жолдас болып жүргені мен баланың әлеуметтік желілерге оңай қол жеткізуі де әсерін тигізіп тұр. Өйткені олар қылмысқа балалықпен, аңғалдықпен ұрынатын көрінеді. Бұл пікірмен педагог-психолог Әсия Серікова да келіседі.
– Қазіргі жасөспірімдердің қылмысқа баруына бірнеше фактор әсер етеді. Бірінші, ата-ананың қарауынан тыс қалған кезде. Екінші, оның ортасы. Не себепті? Өйткені бесіктен белі енді шыққан, оңы мен солын әлі де танып үлгермеген балаларға ненің ақ, ненің қара екенін нұсқайтын ата-ана керек. Сондай-ақ отбасында тәрбиелік бағытта әңгімелер, кездесулер, сөйлесулер жүргізілмегенінің салдары да бар, – деді Ә.Серікова.
Фото: rebenok-clinic.ru
Бұған қоса бала жақсы әдетті де, жаман әдетті де, ең алдымен, отбасында көретінін ескерсек, оның тәрбиесіне талбесіктен мән берген жөн. Осы ретте психолог Айгүл Байжанова ұлттық құндылықтарды ескеру керек екенін айтады.
– Қазақы тәрбиеде балаға үлкендерді құрметтеуді, кішіге қамқорлық жасауды үйретеді. Бірақ шамадан тыс тыйымдар, оның қызығушылығымен санаспау, эмоцияларын көрсетуден тыю – болашақта баланың бостандығы мен таңдауына кедергі келтіреді. Сондықтан кез келген ата-ана арадағы теңдікті ұстай білуі керек. Психолог-ғалымдардың зерттеуінше, бала үш жасқа келгенде алғашқы өтпелі кезең болады. Бала психикасының дамуындағы дағдарыс оның қылықтарынан көріне бастайды. Себебі дәл осы жас – баланың «жоқ» дегенді түсінгісі келмейтін, тыйым салуды ұнатпайтын, мінез-құлқы тұрақсыз кезеңінің бірі. Бұл жағдайда баланы жақсы жаққа қарай бағыттай білу – ата-ананың басты міндеті. Оған өзге адамдардың жай-күйін түсіну, яғни эмпатия қабілетін мектепке дейін қалыптастырған абзал, – деді маман.
Бала – үйде, қылығы – түзде
Жақында ғана Қызылорда облысындағы мектептерінің бірінде оқушылар арасында төбелес болып, бір бала пышақ жарақатын алды. Жасөспірім ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді. Ал күдікті жеткіншек Қызылорда қалалық полиция бөліміне жеткізіліп, бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабымен қылмыстық іс тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалған. Бүгінде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Әзірге бала ата-анасына тапсырылған. Демек, жасөспірімдердің қылмыс жасау мәселесі тек құқық қорғау органдарының емес, ең бірінші ата-ананың, кейін мектептің, басқа да мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың қадағалауын талап етеді. Сарапшы психологтердің зерттеулері де осыны меңзейді. Яғни баланың саналы азамат болып қалыптасуында оның отбасы, мектеп қабырғасы, көшеде көрген өнегелері маңызды рөл атқарады.
Фото: Pixabay
– Ата-аналардың кейбірі «баланың киім-кешегін, тамағын тауып бердім, тәрбиесімен мектеп не балабақша айналыссын» деген ұстанымда. «Ұстаз – екінші анамыз» деп «тәрбие» атты үлкен жауапкершілік мұғалімдерге де артылады. Әрине, кез келген білім ошағында психолог мамандар жұмыс істейді. Бірақ мына фактіні ескеруіміз керек. Қазіргі балалардың ата-аналарының көпшілігі өздері бала кезінде көп қиындық көрген ұрпақ. Яғни тәуелсіздік алған жылдары балаларын асыраймын деп күнкөрістің қамымен, тәрбие жағы ақсап жатты. Менің ойымша, сол уақытта жасалған бұл қателік – бүгінгі күннің «жемісі». Балалар арасында қылмыстың көбеюі, қатыгез болып кеткенінің бір себебі осы болса керек, – деді мұғалім Сымбат Асқарқызы.
Мәселені қалай шешеміз?
Ішкі істер органдары бұл ретте қылмыстың жасалу себептеріне талдау жасап, суицидке баратын және олардың құрбаны болатын тұлғалардың әлеуметтік портретін жасауды көздейді. Бұған қоса оқушылар арасында психологиялық қолдау шараларын ұйымдастыруды, тәуекел топтағы балалармен жұмысты жан-жақты үйлестіруді қаперге алады.
Ал Тараз қаласы білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарованың айтуынша, жастарға қатысты мәселе білім ордаларында талқылануы қажет. Яғни жиынға ата-ана мен балалардан бөлек, полиция мамандары да қатысуы керек. Олар тергеу амалдары мен кез келген қылмыс түрінің соңы неге апаратынын ашық айтып бергені жөн. Өйткені тәрбиенің сан қырын қарастырсақ, құқықтық тәрбие, құқықтық сауаттың көші ілгері болмақ. Былайша айтқанда, педагог жастар мәселесін шешуде дәстүрлі әдістен гөрі, тың тәсілдер нәтижесін береді деген сенімде.
Фото: posleurokov.ru
Психолог Әсия Серікова жеткіншектердің тұманданған ойына одан сайын салмақ салмай жастар тілінде сөйлесудің маңызды екенін айтады.
Осыған дейін ата-анаға баласымен үлкендерше сөйлесу туралы кеңес айтылып келді. Алайда бұдан шығып жатқан нәтиже аз. Сол себепті бұл жүйені өзгертіп, жастармен өз тілінде сөйлесуді қолға алу қажет. Егер оның психологиясына еніп, ой-санасына жеткізер жол тапсаң, жасөспірімдердің өмірге деген көзқарасын өзгертуге болады, – дейді ол.
Ушығып тұрған мәселе
Бұл мәселені тезірек қолға алып, шешімін шығармаса болмайды. Өйткені жаға ұстатар жайттардың қарасы өте көп. Мәселен соңғы 1,5 айда еліміздің әр өңірінде оқушылар өлімі тіркелді. Осы жылдың 11 сәуірінде Ақтөбе қаласында Бексұлтан есімді 8 сынып оқушысы көз жұмды. Жақындарының сөзінше 11 сәуірде кешкі сағат 20:30 және 21:00 шамасында бөлмені жинамағаны үшін бауырларыма әлімжеттік көрсеткен. Төбелес кезінде Бексұлтанды алдымен 9-сынып оқушылары ұрып-соғып, әрқайсысы 5 реттен ұрған. Араға алты күн салып 17 сәуірде № 72 мектеп-лицейдің сегізінші сынып оқушысы білім ордасының төртінші қабатындағы терезеден секіріп кетті. Туыстары бала буллингтің құрбаны болды деп санайды. «Осы мектепке ауысқалы қысымнан көз ашпай келеді, бірнеше рет үйге беті көгеріп келді» - дейді жақындары. Одан кейін Жамбыл облысына қарасты Құмжота ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте қайғылы жағдай орын алды. Әкесінің айтынша, тоғызыншы сынып оқушылары бір күн бұрын болған жиналысқа келмегені үшін ұрып өлтірген. Одан кейін Павлодарда оқушы мұғалімі мен сыныптасына пышақ сұғып алған. Қылмыстық іс қозғалды. 12-мамыр күні Шымкентте қайғылы жағдай болды. №9 мектептің 11-сынып оқушысы өзіне қол салып, көз жұмды.