$ 495.2  522.34  4.94

Футболдан жолдастық кездесуде Қазақстан Армениядан жеңіліп қалды (ВИДЕО)

Ел құрамасы 11 маусымда Әзербайжанмен жолдастық кездесу өткізеді.

Фото: видеодағы кадрдан алынды
Фото: видеодағы кадрдан алынды

Бүгін, 7 маусымда футболдан Қазақстан және Армения құрамалары арасында жолдастық кездесу өтті, деп Skifnews.kz ақпарат порталы inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Аталған кездесуде Қазақстан құрамасы бас бапкері міндетін атқарған Руслан Балтиев негізгі құрамға тәжірибелі ойыншыларды қосты.

Қақпаны Игорь Шацкийге сеніп тапсырса, қоғаныс шебінде Ян Вороговский, ​​Нұралы Әліп, Әлібек Қасым, Александр Марочкин, Еркін Тапалов ойын көрсететін болды.

Жартылай қорғанысқа Әділет Садыбеков, Асхат Тағыберген, Эльхан Астанов, Рамазан Оразов шықса, шабуыл шебінде Максим Самородов бой көрсетті.

Алғашқы минуттарда армениялық футболшылардың белсенділігі байқалып тұрды.

Осындай сәттердің бірінде қазақстандық Александр Марочкин 4-минутта өз қақпасына гол соғып алды.

Қазақстан құрамасы сапынан бұдан кейін Максим Самородов, Эльхан Астанов гол соғатын бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберіп алды. 

Екінші кезеңде қайтадан армениялық футболшылар тізгінді өз қолында ұстауға тырысты.

Олардың қатарынан Ваган Бичахчян 58-минутта есепті үстемеледі. 

Ойынның 94-минутында Армения қақпасына белгіленген пенальтиден Бауыржан Исламхан шебер орындады.

Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласына 1:2 есебімен есе жіберді.

ФИФА рейтингісінде Қазақстан 103-орында тұрса, Армения 95-орында келеді. 

Сондай-ақ ел құрамасы 11 маусымда Әзербайжанмен жолдастық кездесу өткізеді.

Еске салсақ, УЕФА Ұлттар лигасының 2024/25 маусымында Қазақстан В лигасында Австрия, Норвегия және Словения құрамаларымен бірге үшінші топта ойнайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 4
Ашулы 1

Серіктес жаңалықтары