Оны ұстау операциясын Жоғарғы соттың ішкі қауіпсіздік басқармасы мен Антикор ұйымдастырған.
Ақтау қалалық сотының төрағасы Бауыржан Шайдуллин қамауға алынды. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы ҚР Жоғарғы сотына сілтеме жасап хабарлайды.
Жоғарғы сот мәліметінше, ұстау операциясын Жоғарғы соттың ішкі қауіпсіздік басқармасы мен Антикор ұйымдастырған.
Оның ұсталғанын Антикор растады.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотқа дейінгі тергеу шеңберінде Ақтау қалалық сотының төрағасына қатысты тиісті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын растайды. Біз басқа ақпаратты қосымша хабарлаймыз", - делінген Антикор хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Бауыржан Шайдуллиннің ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Ол қылмыстық іс бойынша "мәселені шешкені үшін" 18 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінгені айтылды.